ТКШ

Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы келер жылы жалғасын табады

 

 

Рабия Гумирова төрағалық ететін «Рубин» тұтынушылар кооперативіне Абай көшесі бойындағы 30 және М.Жұмабаев көшесінде орналасқан 116-шы үйлер кіреді. Өткен жылы аталмыш баспана тұрғындары ТКШ жаңғырту бағдарламасына қатысып, көпқабатты үйлерде қордаланған бірталай мәселелерді шешкен. 180 пәтерлі үйлердің тұрғызылғанына 30 жылдан асыпты, осы уақыт аралығында бірде-бір жөндеу көрмеген көпқабатты баспаналар қазір айтарлықтай өзгерген.

 

Рабия Гумирова, «Рубин» ТК төрайымы:

-Бұл бағдарлама бойынша біз 5 подъезге лифт істедік. 38 млн теңгеге жөндеу жүргіздік. Қазір тұрғындар ақырындап қаржыны қайтаруда. Қарызды 7 жыл көлемінде өтейміз.

 

Тың жоба аясында үйлерде жылу есептегіш құрылғылар орнатылып, жаңа балалар ойнайтын алаң орын тепкен. Тұрғындар баспаналарында жүргізілген мұндай күрделі жөндеу жұмыстарына риза.

 

Лидия Нелюбина,үй тұрғыны:

– Мен бұл үйде 14 жыл тұрамын. Жасалған жұмыстарға көңілім толады. Үйіміз жаңа кейіпке еніп, лифтер жөнделді. Баспаналар жарық, жылы. Біз үшін бастысы осы емес пе.

 

Жалпы ТКШ жаңғырту бағдарламасы өңірімізде қолға алынғалы 103 көпқабатты үй жөндеу көрген. Оған 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. 300 млн теңгесін тұрғындар қайтарып үлгерді. Десе де, жобаның іске асырылуына көңілі толмай жатқан тұрғындар да бар. Айталық Мир көшесі бойында орналасқан 229 баспанада басталған жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған.

 

Зәуреш Сыздықова, үй тұрғыны:

-Кіре беріс есік жоқ. Подвалда да жасалатын жұмыстар істелмей қалды. Подъезде жарық жоқ, қараңғы. Қашан істейтіндері белгісіз.

 

Облыс орталығында аталмыш бағдарламаның   орындалу сапасына қатысты шағымы бар 5 баспана тіркелген. Кеткен олқылықтарды түзету жұмыстары жуық арада қолға алынады дейді облыстық пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков.

 

Сергей Худяков,СҚО ПИК қауымдастығының төрағасы:

– Бізде айтарлықтай үлкен мәселелер туындап жатқан жоқ. Алайда, орын алған кемшіліктер түзеледі. Жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуы осыған жауапты мамандардың қадағалауында. Жалпы жөндеу көрген баспаналарда жасалған жұмыстарды тұрғындар өздері тексеріп, қабылдап отыруы керек.

 

ТКШ жаңғырту бағдарламасы Петропавлда ғана емес, өңірізідің 3 ауданында да жүзеге асырылуда.

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

ТКШ жаңғырту бағдарламасы 2014 жылы да жалғасын таппақ. Онда мемлекеттік жоба аясында Петропавлдағы 40-қа жуық баспана жөндеу көретін болады. Бұл мақсатқа 700 млннан астам қаржы қарастырылмақ.

 

Мағжан Ахмадина