Ауыл шаруашылығы

Петропавлда мал азығы жәрмеңкесі өтті

 

Жем-шөп жәрмеңкесі облыс орталығында соңғы бірнеше жылдың ішінде алғаш рет ұйымдастырылуда. Петропавл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін мал азығы облыс орталығының үш ауданында жайылды.

 

Евгения Сальникова, Петропавл қаласының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Жәрмеңке қаламыздың Жұмысшы, Береке кенттері мен Ойқалада өтуде. Мал азығы жәрмеңкесі облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Бағалары да қалта қақпайды.

 

Қаламызда мал азығы жәрмеңкесіне бұл жолы Мамлют, Аққайың, М.Жұмабаев аудандары қатысты. Жұмысшы кентінде аққайыңдықтардың жем-шөбі жайылды. Николай Кудинович жәрмеңкеде мал азығының 8 түрін саудалап жатыр.

 

Николай Кудинович:

– Мал азығының бәрі сапалы. Тұрғындар қуана-қуана сатып алып жатыр.

 

Жәрмеңкеде мал ұстайтын жерлестеріміз шөп пен сабанның қажетті көлемін де сатып ала алды.

 

Валерий Меркушин:

– Тұрғындар мал азығын жақсы алып жатыр. Бағасы былтырғы жылдағыдай, өзгерген жоқ. Сабанның бір бумасын 350, ал шөпті 600 теңгеден сатып жатырмын. Таңертеңнен 50 бумасын саудаладым.

 

Дегенмен, таң атысымен жайылған мал азығының жәрмеңкесіне келгендердің қатары көп болған жоқ. Бірақ бірде-бірі үйлеріне құр қол қайтқан жоқ.

 

– Бұндай жермеңкенің жиі өткізілгендігі жақсы. Өйткені біздің Жұмысшы кентінде барлығы дерлік мал өсіреді. Бағасына келетін болсақ, бұдан да арзанырақ сатылғанын қалаймыз және таңдау аз.

– Таңдау бар. Әрі ыңғайлы. Қолайсыздық тудырып тұрғаны – көлік қана. Өйткені, мұнда қоғамдық көліктер жүре бермейді. Десек те өзіміз келіп, кебек сатып алдым.

 

Мал азығы жәрмеңкесіне барлығы 100 тонна жем-шөп әкелінді.

 

Бану Ахметова