Қоғам

Отшашуға қажет заттарды лицензиясы бар сауда орындарынан сатып алған жөн

 

Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Бәріміз келе жатқан жаңа жылдан жарқын ертегі, жаңа бақыт күтеміз. Дастарқан жайып, түнгі 12-ден кейін отбасы мүшелерімен сыртқа шығып, от шашамыз. Бұл әуелден мерекенің көркіне айналған. Ал, көбіне фейерверк пен салюттерді қалай қолданып, қай жерден сатып алу керектігін біле бермейміз.

Қалада жаңа жылға таяу отшашуды кез-келген сауда орны мен базарлардың маңынан-ақ, көшелерден сатып алуға болады. Бірақ, тұрғындар оның қаншалықты қауіпсіз екенінен бейхабар. Ал қала бойынша отшашуды сатуға рұқсат беретін лицензия жалғыз кәсіпкерде ғана бар. Жеке кәсіпкер Юрий Милешин фейерверктер мен салюттарды осымен 25 жыл бойы саудалап келеді. Ол пиротехникалық құрылғыларды арнайы лицензиясы бар сауда орындарынан алу қауіпсіз болатынын айтады.

 

Юрий Милешин, “Милешин” ЖК директоры:

– Пиротехникалық заттарда қытай тілінде жазу болса, ол арнайы сертификаттаудан өтпеген. Ендеше, оны сатып алуға да болмайды. Негізі бұл заттардың екі түрі болады. Кәсіби отшашу мен ойын-сауықтарға арналған түрі. Сондықтан пиротехниканы 1 немесе 2 жылға дейін, күннің көзі түспейтін, арнайы температурада сақтау керек.

 

Кәсіпкер тұтынушыларына от шашудың 200-ге тарта түрін ұсына алады. Бағалары 300 теңгеден басталады. От шашу көлемі мен түрлі-түстілігіне қарай және неғұрлым биікке атқылайтындары қымбат болып келеді. Сыртқы қорабында пиротехникалық заттарды қалай қолдану керектігі жайында қазақ және орыс тілдерінде нұсқаулық жазылған. Осыдан тауардың қаншалықты сапалы екенін айыруға болады дейді жеке кәсіпкер Юрий Милешин.

 

Юрий Милешин, “Милешин” ЖК директоры:

– Фейерверктерді 18 жасқа толмаған азаматтарға сату мен пайдалануға тыйым салынады. Отшашуды пайдалану үшін қауіпсіз аймақты таңдаған жөн. Көбіне үйдің жанына шыға сала, фейервектерді шашқан дұрыс емес. Сонымен қатар аулалар мен жанар-жағармай бекеттерінің, білім ошақтары, банктердің жанында қолдануға болмайды.

 

Былтыр жаңа жыл мерекесіне 10 күн қалғанда ТЖБ мамандары қаладағы сауда үйлері мен базарларда 32 рейд жүргізіпті. Нәтижесінде заңсыз сатылған 5 мың дана пиротехникалық заттар табылып, көзі жойылған.

 

Сондықтан да, жеке өзіңіздің және басқалардың қауіпсіздігі үшін отшашуларды арнайы лицензиясы бар жерлерден сатып алған жөн.

 

Бану Ахметова