Мәдениет

Облыстық қуыршақ театры халықаралық фестивальдің арнайы жүлдесін еншіледі

 

 

«Армысың, ақ кеме, бұл мен!» деп аталатын қойылым облыстық қуыршақ театрының репертуарында 1 жыл бұрын пайда болған. Бұралаңы көп оқиғалараға толы бұл спектакльді 20 жыл бұрын тек Ресейдегі Башқұрт мемлекеттік қуыршақ театры ғана көрермендерге ұсынып көрген. Енді Шыңғыс Айтматовтың бұл шығармасын теріскейлік режиссер Болат Абдрахманов қолға алып, сахнаға шығарды. Спектакльге театрдың белді актерлері Сапар Мапенов, Айгүл Қасенова мен Елена Мешаченко қатысты. Әртістік шеберліктің барлық қырын ашатын бұл спектакль қысқа мерзім ішінде 4 бірдей халықаралық фестивалде ұсынылды. Соңғы “Ортеке” аталған халықаралық қуыршақ театрларының байқауы еліміздің бас шаһарында өткен.

 

Айгүл Қасенова, облыстық қуыршақ театрының әртісі, ҚР мәдениет қайраткері:

– Фестивальге Санкт-Петербург академиясының театр және қуыршақ факультетінің деканы Николай Намов төрағалық етті. Чуваш мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Юрий Филиппов, атақты суретші Майра Дауренбаева, Темірбек Жүргенов атындағы академияның режиссері әрі профессоры Серікбай Мақұлбеков пен театртанушы Амангелді Мұқанов төрелік етті. Халықаралық маңызды сынға Қазақстаннан 6 театр, Белорусиядан Гомель мен Ресейден Башқұрт мемлекеттік театры қатысты.

 

Қарашаның 25 -27-сінде өткен 3-ші халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде солтүстікқазақстандық дарындар “Ең үздік актерлық жұмыс” және “Ең үздік поэтикалық образ” аталымдары бойынша марапатталды.

 

Айгүл Қасенова, облыстық қуыршақ театрының әртісі, ҚР мәдениет қайраткері:

-Әділ қазылар ең алдымен Шыңғыс Айтматовтың «Армысың, ақ кеме, бұл мен» атты қиын шығармасын таңдап алған режиссерімізді мақтады. Одан осы спектаклдегі 8 рөлді қатарымен дыбыстаған дарынды актер Сапар Мапеновтың шеберлігіне бас иді. Оларға тағы Виталий Смотровтың музыкалық талғамы ұнады. Және олар теріскейлік театрдың болашағы зор боларын айтты.

 

Жалпы 2013 жыл облыстық куыршақ театры үшін жемісті болды.

 

Спартак Рамазанов, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері:

– Өнерді басқару емес, өнерді қолдап, жағдайын жасағанның арқасында біздің театр 4 рет халықаралық және дүниежүзілік фестивальдарға қатысуға мүмкіндік болды. Маусым айында халықаралық түркі тілдес халықтар фестиваліне кейін Алматыда өткен халықаралық қуыршақтар карнавалына қатыстық. Сосын Ақтөбедегі “Ассалаумағалейкум” атты халықаралық байқауға бардық және қарашаның 25-27 сі аралығында халықаралық 3-ші «Ортеке» фестивалі өтті.

 

Астанадағы “Ортеке” байқауында жерлес ұжымға сыйақы ретінде 100 мың теңге тарту етілді.

 

Берік Қасен