Спорт

Камиль Сафинді еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды

 

 

Ақтық кездесулерді бірінші болып 49 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар ашты. Дәл осы салмақта кезінде КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафин өнер көрсеткен. Шаршы алаңға Павлодар облысынан келген Сабыр Жолаушиев пен Қарағанды облысының саңлағы Абылайхан Тұрмахамбет шықты. Қарсыластар үш раунд бойы беріспеді. Кездесудің соңғы минуттарында қарағандылық былғары қолғап шебері басымдық танытып, үздік атанды. Жеңімпаз Камиль Сафинды үлгі тұтады екен.

56 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Нұрлыбек Рахматуллаев топ жарды. Қарсыласы Атырау облысының тумасы, спорт шеберіне үміткер Оразбек Тайшыбаев. Шаршы алаң иесінің жақсы нәтижеге қол жеткізуіне жанкүйерлердің ыстық қолдауы да сеп болды.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафин үстіміздегі жылдың 21 наурызында дүниеден озды. Атақты боксшыны еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнир желтоқсанның 4 мен 8-і аралығында өтті. Жарысқа Ресей Федерациясынан және еліміздің бірқатар облыстарынан келген 12 команда өнер көрсетті. Додада 100-ден артық жас боксшы бақ сынасты. Жеңімпаздар кубоктармен және медальдармен марапатталды.

 

Нұрбек Нәбиев