Аптадағы маңызды жаңалықтар

Экологиялық таза өнім қолжетімді бағамен

 

Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі пайда болғалы бері кәдімгідей беделі артты. Ауылдағы ағайын әзірлеген өнімдерге сұраныс өсті. Сапасының қандай екенін, тіпті, астаналықтар да біледі. Таяуда ғана өңір тұрғындары өз тауарларын Елордада ұсынып, жұрттың мерейіне бөленіп келіп еді. Бұл да бір деңгейдің көрсеткіші. Облыста ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің өткізіліп жатқанына осымен 10 жыл. 10 жылдың ішінде талай сауда-саттық жасалып, сансыз тауар сатылды. Ең бастысы Петропавл халқы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етілуде. Биылғы жылдың өзінде 186 жәрмеңке ұйымдастырылып, 382 млн. теңгенің өнімі өткізілген екен.

 

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Соның ішінде еттің барлық түрлері – 227 тонна, сүт өнімдері – 206 тонна, жұмыртқа – 166 мың дана және картоп, көкөніс өнімдері – 241 тонна, бал және бал өнімдерінің 31 тоннасы сатылды.

 

Жәрмеңкенің сенбі сайын өткізілуі дәстүрге айналған. Әрбір ауданның өзінің белгілікті орны бар. Жәрмеңкенің басталар сәтін біліп алған жұрт таңғы сағат 8-ге қарай базар жаққа бет алады. Содан кейінгі шамалы уақыт – сауда-саттықтың қызған шағы. Кеш келсеңіз, құр қалуыңыз мүмкін. Өйткені, сапалы өнім пышақ үстінен әкетіледі.

 

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-“Қызылжар-Ақбастау” коммуналдық базарына сенбі сайын 3 аудан кезекпен келіп отырады. “Алтын арман” базарына да кесте бойынша 3 аудан келіп отырады. “Дәрия” базарында әрқашанда М.Жұмабаев ауданы саудалайды. “Корона” СҮ Мамлют ауданы бекітілген”.

 

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің бағаны тұрақтандыруға ықпалының мол екенін де айту керек. Бәсеке артуынан саудагерлер өз өнімдерінің бағасын да барынша төмендетуге тырысады.

 

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Еттің бағасы жай күндері 1200 т. сатылатын болса, жәрмеңкеде 960-995 теңгеден сатылып жүр, еттің келісі. Жұмыртқаның бағасы 170 теңге деп келістік. Ол үшін біз құс фабрикаларымен, жергілікті әкімшілік арқылы бәріміз меморандумға қол қойып, енді біздің құс фабрикаларымыз әрқашан да 160 теңгеден жіберіп отырады.

 

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаев белсенді тауар өндірушілерді де атап өтті. Қызылжар мен Есіл аудандарының сүт сататын жеке кәсіпкерлері, Петропавл бройлер фабрикасы мен қаз өсірумен айналысатын “Приишимский” агрофирмасының” өкілдері жәрмеңеге үзбей қатысады екен.

 

Данаш Хамзина