Билік

СҚО әкімі Астанада брифинг өткізді

 

 

Астанадағы орталық коммуникациялар қызметі ғимаратында ұйымдастырылған брифингке жиылған журналистер назарына алдымен арнайы ұйымдастырылған көрме ұсынылды. Онда өңіріміздің бүгінгі ахуалы көрініс тапқан. Республикалық БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыс әкімі Самат Ескендіров өз баяндамасын өңірдегі көкейкесті мәселелерден бастады. Одан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі қандай, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы қаншалықты екендігін аңғаруға болады.

Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін бірінші кезекте ауылдық аумақтардағы проблемаларды басты назарға алып, оның шешілу жолдарын қарастыруымыз керек. Себебі қаланы ауыл асырайды деп бекер айтылмаған.

Бүгінде облысымызды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 85 пайызды құрайды. “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыруда биылғы жылы игерілгені 7,6 миллиард теңге. Ол 25 мыңға жуық халқы бар 13 ауылды тіршілік көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Келер жылдың жоспарында 42 елді мекенге таза ауыз су өткізу жоспарланып отыр деп атап көрсетті Самат Ескендіров. Ел мен елді жалғайтын күре жолдардың жағдайын жақсарту да басты назарда. Бұл ретте жөндеу жұмыстарына бағытталған жалпы қаражат сомасы 12,4 миллиард теңге. Ол сома бірінші кезекте ең күрделі деген жол учаскелеріне бағытталды. Облысымыздағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9 мың шақырым болса, оның 17 пайызы жақсы, 34 пайызы қанағаттанарлық, 49 пайызы көңіл көншітпейді. Өңір басшысы жолдарды оңалту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасын табады деді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Биыл құрылыс қарқынын өткен жылмен салыстырғанда 48 пайызға арттырдық. 10 айда құрылыс саласында игерілген қаражат 24,4 миллиард теңгені құрады. Жалпы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде осы жылы 113 мың шаршы метр баспана қоолданысқа берілмек. Ол 1252 пәтерді құраса, қазіргі күні 600 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді.

 

Солтүстік Қазақстан – еліміздің басты астықты аймағы. Ол дәрежені өңір диқандары биыл да дәлелдеп берді.

Елбасының етті ірі қара әлеуетін арттыру тапсырмасы да сәтті жүзеге асуда облысымызда. Бұл ретте өңір шаруалары асыл тұқымды 62 мың бас зеңгібаба тұқымын сатып алды. Ол мал басын дамытуға ғана емес, сонымен қатар өнім көлемін арттыруға жол ашып, қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Өнеркәсіп саласының қарқыны да жоғары. Жыл басынан олар 121 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Ол өткен жылдың сәйкес иерзімімен салыстырғанда 4,6 пайызға артық.

Бұдан соң өңір басшысы тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Олар әр салаға қатысты.

Облыс әкімінің БАҚ өкілдерімен өткізген брифингі 1,5 сағатқа созылды. Журналистер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан құлағдар болып қана қоймай, көкейлеріндегі сауалдарына нақты жауаптар да ала алды. Атқарылған жұмыстарға берген бағалары жоғары.

 

Самат Есмағи