Құқық қорғау органдары

Полицейлер қаңғыбастарды іздеу шараларын бастады

 

 

Жаздың ыстығында қаңғыбастар саяжайларды паналаса, қыс келе қалаға жол тартады. Олардың шоғырланатын жерлері құдықтар, жылу трассалары. Қалалық ІІБ қабылдау-тарату орталығының қызметкерлері, үй-күйі жоқ жандарды анықтау жөнінде рейдтерді күнде өткізеді. Мақсаты – тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтар туралы мәліметтер базасын жаңарту және толықтыру.

Қаңғыбастар кезбе өмірге қаншалықты дағдыланғандарымен, қыстың қаһарына төтеп бере алмайды. Осы орайда олар қабылдау-тарату бөлімін паналауға мәжбүр.

Ағымдағы жылдың 11 айында тәртіп сақшылары қабылдау-тарату бөліміне 9502 адам жеткізіп, олардың 326-сы сот санкциясымен арнайы қабылдағышқа орналастырылған. Бір қызығы, аталған азаматтардың кейбіреуі жедел құндылығы бар ақпаратқа ие. Осының арқасында жыл басынан бері полицейлер 113 қылмыстың бетін ашса, іздеу жарияланған 12 адамды тапқан. Олардың 6 -ың қылмысқа қатысы болса, қалғандары іс-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілгендер.

 

Самат Есмағи