Балалар

Облыста жастар бастамалары орталығы ашылды

 

Бүгінде өңір тұрғындарының 27 пайызын жастар құрайды. Өскелең ұрпақтың белсенділігін арттырып, бастамаларын қолдайтын ұйым қажет-ақ. Оны Елбасы былтыр “Жас Отан” жастар қанатының съезінде баса айтқан болатын. Биылдан бұл жүктеме өңірімізде орындалып, ынталы жастар орталығы құрылды.

Данияр Әбутәліпов бастаған ұйымның штаттық құрамы бекітілді. 16 белсенді жас қатарластарына 4 бағыт бойынша қызмет етеді. Тапқырлардың ұтқыр жобаларын қолдайтын қаржылық және тың бастамаларға бағыт сілтейтін ақпараттық кеңес беру бөлімдері. Жұмыссыз жастарға екі қолға бір күрек ұстатуға септесетін сектор. Сараптама-зерттеу жұмыстарымен айналысатын да мамандар қарастырылған.

 

Виктор Молодовский, СҚО жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы:

– Жыл соңына дейін әр ауданда орталық бөлімшелері ашылады. Өйткені жастардың  дені елді мекендерде шоғырланған. 76 мыңы ауылдарда тұрады. Өміршең жобаларды қолдап қана қоймай, жас отбасыларды демеуге ден қою керек. Зиянды әуестіктерден арылту бойынша жұмыстар атқарылса абзал болады.

 

Орталықта онлайн жүйесі арқылы қашықтықтан кеңес беру жағы да жоспарланған. Сенім телефоны жұмыс істейді.

 

Жеңіс Ермұқанов