Ауыл шаруашылығы

Облыста “Агробизнес-2020” бағдарламасы жүзеге асырылуда

 

 

Үстіміздегі жылдан елімізде кең ауқымды “Агробизнес-2020” бағдарламасы қолға алынды. Аты айтып тұрғандай, тың бастама – 2020 жылға дейін жоспарланған. Осы уақыттың аралығында облыста агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 164 млрд теңге жұмсалатын болады. Бүгінде өңірде 4 мыңнан аса шаруа және фермерлік қожалықтары, командиттік және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыс істеуде. Өңірдің агроқұрылымдары тың бағдарламаның мүмкіндіктері мен пайдасын енді ғана сезіне бастаған.

 

Жанар Мұсақұлова, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

-Үстіміздегі жылы ел үкіметі жаңа салалық “Агробизнес-2020” бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламаның алдыңғысынан ерекшелігі – мұнда агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасауға басымдық беріледі. Ол қандай жағдайлар? Атап айтсақ – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық қажеттіліктерін қанағаттандыру қарастырылған.

 

Бағдарламада агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың 4 бағыты қарастырылып отыр. Оның алғашқысы – қаржылық сауықтыру шаралары. Тұңғыш рет қолға алынған тың бағыт аясында екінші деңгейлі банктер мен “Қазагро” сияқты қаржылық институттарға берешегі бар кәсіпкерлердің несиесін жабуға септесу қарастырылыпты. Қазіргі таңда банктерге 10 агроқұрылым басшыларынан пайыздық ставканы субсидиялау туралы өтініш түскен.

 

Жанар Мұсақұлова, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

-Қаржылық сауықтыру аясында 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін банктерге берешек болып қалған кәсіпкерлердің үлкен пайыздық ставкасы бар қысқа мерзімдік несиелерін арзан әрі ұзақ мерзімді несиеге алмастыру жүргізіледі. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы лизинг негізінде техника алып, оны төлеуде қиындықтар туындаған агроөнеркәсіп кешендерін қолдау да жүргізіледі. Қазіргі күні, облыс бойынша 218 келісімнің 184-і бойынша кәсіпкерлерден сауықтыру бойынша өтініштер түсті.

 

Бағдарламаның екінші бағыты – тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру шараларына 9 млрд 400 мдн теңге қарастырылыпты. Бұл былтыр бөлінген қаржыдан 25 пайызға артық.

 

Жанар Мұсақұлова, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

-Бағдарлама қабылданғаннан кейін облысқа қосымша 2 жарым млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, гербицидтерді сатып алуға 2,3 млрд теңге көлемінде және асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялап, шығындардың 50 пайызын жабуға 150 млн теңге қарастырылды.

 

Бағдарламаның үшінші бағыты толықтай фитосанитарлық және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Қазір облыста ауқымды бағдарлама аясында 9 елді мекенде ветеринарлық станциялардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ветеринарлық қосындардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 756 млн. теңге бөлінді. Келесі жылы  “Агробизнес-2020” бағдарламасы бойынша облысқа 16,5 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр. Бұл биыл қарастырған қаржыдан 1,8 есе артық.

 

Гүлмира Шоқтыбаева