Білім

Білім берудегі инновациялар

 

Қазақ мектеп-гимназиясы – облыс орталығындағы белді оқу орындарының бірі. Олар бүгінде тың технологияларды мықтап қолға алған. Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін өздеріне енгізіп жатқандарына осымен 3-і жыл. Үйренгендерін семинар барысында көрсетті.

 

Нүрия Мусина, Қазақ мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

-Мен осы сабағымда Кембридж университетімен біріктірілген оқуда біз үйренген жаңа технологияларды, соның ішінде 7 модульді қолдана білдім. Диалогтық оқыту, сын тұрғысынан ойлау технологиялары балалар үшін тиімді.

 

Ал, келесі бөлмеде педагогтар мұғалімнің коммуникативтік қабілетін арттыруға септесетін креативті жолдарды іздестіруде. Олар топ-топқа бөлініп алып жұмыс істеуде. Сабақ ойын түрінде өтуде. Ал, жалпы семинардың өзі 4 секциядан тұрады.

 

Ырысжан Нұрғалиева:

– Қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру бағытында және де білімді, ой-өрісі кең, сыни тұрғыда өз көзқарасын айта білетін оқушыны қалыптастыру мақсатында, әрине, мұғалімдер көп ізденіс үстінде. Сондықтан да осы отандық және шетелдік озық технологияларды пайдалану әрбір мұғалімнен жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті, осы сынды семинарлар қажет.

 

Семинарға өзге өңірлер мен Солтүстік Қазақстан облысынан 80-ге жуық мұғалім келіпті. Жиында олар ең бастысы өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығын алға тартты.

Тағы бір айта кететін жайт, семинарға Кембридж бағдарламасы бойынша оқыған педагогтар да қатысты.

 

Бақыт Садуақасов