Мәдениет

Жаңа жыл қарсаңында – жаңа қойылым

 

 

Мәскелулік «Шалом» театрының режиссері Сергей Федоров теріскейлік орыс драма театрының әртістерімен бұрыннан бері тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Режиссерлік жұмыстың қыр-сырын ұғынған Сергейдің бүгіндері 30-дан аса жеке туындысы бар. Ең соңғысы “Теңіз қарақшыларының бастан кешкен оқиғалары” деп аталады. Сиясы кеппеген туындыны алғашқы болып жылан жылының басында мәскеуліктер тамашалапты. Оқиға желісін ол ең күрделі жанрлардың бірі мюзиклмен ұштастыруды жөн санапты. Сондықтан көрініске қатысатын негізгі 8 кейіпкердің алдында жатпай-тұрмай 20 күн бойы пантомимиканы, мәтінді, пластиканы және музыканы тұла бойынан өткізіп барып, өздеріне тиесілі образды ашу міндеті тұр.

 

Сергей Федоров, «Шалом» театрының қоюшы режиссері, Мәскеу қаласы, РФ:

-Мен осы көрініс арқылы дәстүрлі жаңажылдық мерекеге бір өзгеріс енгізгім келді. Қарап тұрсам сахналанатын қойылымдардың барлығы нәзік жандыларға арналған. Ішінде ер адамдарға ой салатын бір шығарма жоқтың қасы. Тиісінше, театрға ер адамдар аз келеді. Сондықтан, бұл жолы мен 30-шы туындымды теңіз қарақшыларына арнадым.

 

Туынды авторының айтуынша, “Приключения пиратов” мюзиклінің сценарийі отбасылық үлгідегі қойылымға негізделген, сондықтан, кәрі-жасты талғамайды.

 

Сергей Федоров, «Шалом» театрының қоюшы режиссері, Мәскеу қаласы, РФ:

-Көріністе кішкентай көрермендерге атыс-шабыс, таңғажайып оқиғалардан үзінді келтіріледі. Мен қазір актерлерге сол тұсты әлсін-әлсін қайталатып іс-қимылдарын жасатып жатырмын. Өйткені, балғындар кейіпкердің шынайы әрекет етіп, өз сөзімен сөйлеп тұрғанын сезуі керек. Сондай-ақ, қойылымды тамашалауға келген ата-аналарға ой тастаймыз.

 

Сергей Федоров режиссерлықпен 35 жыл айналысып келеді. ЖОО-да жас актерлерге дәріс оқыған. Қазір шәкірттері Ресейге танымал тұлғалар. Сондықтан жергілікті әртістер режиссерден үйренеріміз көп дейді.

 

Елена Покрас, “Приключения пиратов” қойылымындағы Ақшақардың рөлін сомдаушы, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актрисасы:

-Біздің театр сахнасында мюзикл жанрына жиі орын беріледі. Мен солардың бәріне қатысып жүрмін. Қазіргі көрерменнің талғамы өте жоғары. Олар таспаға жазылған дыбыстардан немесе телидардан күндегі көріп жүрген жалған фильмдерден жалыққан. Рухани азық алу үшін олар бізден барынша тірі дауыстағы әнді, образдың шынайы көріністерін талап етеді.

 

Жоспар бойынша жаңажылдық “Приключения пиратов” қойылымы өз шымылдығын 25 желтоқсаннан ашпақ.

 

Берік Қасен