Қылмыс

Қылмыстық топ мемлекетке бір миллиард теңге көлемінде шығын келтірген

 

Мына жедел бейнетүсірілім жалған кәсіпкерлік құрып, оған басшылық еткен Виктор Шиманскиді қолға түсіру кезіндегі материалдар. Ол тұста қаржы полицейлері пысықайдың көлігінен 9,7 миллион теңгеге жуық ақша тәркіледі.

Виктор мен Сергей Шиманскилер жалған кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында 2011 жылдың соңында 6 адамнан тұратын қылмыстық топ құрады. Осылайша “Фрегантина”, “СнабСевер”, “АРВПлюс Авто” деген атаумен үш серіктестік жұмысы басталады. Олар жергілікті кәсіпкерлерге салықтан жалтару тұрғысында өз қызметтерін ұсынып отырған. Мәселен бір фирманың жылдық салығы 1 миллион теңгеден асады делік. Алайда салық төлеуге қажетті құжаттарды жалған кәсіпкерлік арқылы жүргізгенде қазынаға тиісті соманың тек 1 пайызы ғана түсетін болған. Қалғаны фирма қалтасында қалады. Ондағы өз қызметін ұсынушылардың үлесі 1,5-нан 3 пайызға дейін жетіп отырған.

Пысықайлардан жергілікті салық департаментіне келген шығын 940 миллион теңгенің үстінде. Осы үшін қылмыстық топ басшысы мен оның інісі 10-12 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылып, қалған мүшелері айыппұл төлеулері мүмкін. Ал салықтан жалтаруға аяқ басқан кәсіпкерлермен салық қызметкерлері айналысуда.

 

Самат Есмағи