Қылмыс

Қаркешкіш техника ұрлағандар ұсталды

 

 

Шетелдік көліктердің 8 жұп доңғалағы мен құны 1 млн. теңгеден астам қарда жүретін машина – қарақшылардың олжасына айналған. Сезіктілер бағалы заттарды “Путепровод” кооперативінің гаражынан қолды етіпті. Қойма иесі ұрланған бағалы заттардың барлығы танысына тиесілі екенін айтып отыр.

 

Зарина Шәріпова, Петропавл қ. ІІБ тергеушісі:

-Аталған факті бойынша ҚР ҚК 175-бабы, 3-тармағы, “б” пункті – “Бөтеннің мүлкін ұрлау” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заңбұзушылық ауыр қылмыс санатына жатады, сондықтан  қылмыскерлер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Айыптылар гаражға шатырынан кіріпті. Ішке енген соң, есігін ашып, арнайы техника шақырып, олжаларын тиеп әкеткен. Жүк көліктері мен эвакуатор жүргізушілерін сұрастыру барысында олардың бірі түнде қар кешкіш көлікті апару туралы арыздың түскенін растаған. Көп ұзамай, тәртіп сақшылары тапсырыс жасаушылардың ізіне түседі. Осыған дейін бастары істі болған 4 адам қымбат техниканы бейтаныс делдалға тапсырғандарын айтып отыр. Ол өз кезегінде құны 1 млн теңгеден астам қарда жүргіш көлікті РФ-ның Түмен облысында сатқан. Алайда, олжаластарымен бөлісуді ұмытып кетіпті.

 

Зарина Шәріпова, Петропавл қ. ІІБ тергеушісі:

–  Күдіктілер Петропавл қаласының тұрғындары. Қылмысқа сезіктілердің жастары 26 мен 28-дің аралығында.

 

Полицейлер 3 сезікті азамат пен ұрланған мүлікті сатқан тұлғаны құрықтап, сот шешіміне сәйкес олар қамауға алынды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева