Спорт

Петропавлда бокстан халықаралық жарыс басталды

 

Жастар арасындағы бұл дода КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған. 4 күндік доданың ашылу салтанатына СҚО-сы әкімінің орынбасыры Фархад Қуанғанов пен Камиль Сафиннің зайыбы қатысты.

Бүгін 17 жұп 4 салмақ дәрежесі бойынша сынға түспек. Қарағандылық боксшы, олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің жерлесі Абылайхан Жүсіпов биыл қыркүйек айында Украинаның Киев қаласында өткен әлем чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде бас жүлдені жеңіп алған. Жас жігіт әлемнің 2 дүркін чемпионы бола тұра, мықтымын деп босаңсымайды. Өйткені, алда күтіп тұрған осы жарыстағы 4 кездесуде өзіне тең келер қарсыластың табыларын сезеді.

 

Абылайхан Жүсіпов, бокстан ҚР спорт шебері, әлемнің 2 дүркін чемпионы:

– Негізі біз үлкен боксқа жолдаманы 2011 жылы осындай жарыстарда өзімізді көрсетіп алған болатынбыз. Боксшыны шыңдайтын кіші-гірім турнирлерді, кішкентай болса да әлі есімде, оны көбінесе көзі тірісінде Камиль Сафин ағайымыз ұйымдастырып тұратын. Бұл жарыстар болашаққа үлкен бастама береді. Себебі, осы жарыстың соңына қарай жүлделі орын алған жігіттердің аяқ алысына аға бапкерлеріміз қарап, оларды құрама командаларға шақыра бастайды.

 

Жарыс шымылдығын 49 келі салмақ дәрежесіне дейінгі қостанайлық боксшы Олег Гарипов пен көкшетаулық Жапар Ален ашты. Олар жарыстың бас супервайзері, АІВА халықаралық дәрежедегі төреші Бақытжан Бекпенбетовтің көзіне түсу үшін барын салуда. Екеуінің де дайындық дәрежесі тең болғандықтан, Олег Гариповтің жеңіске жетуі қиынға соқты. Ол төзімді қарсыласына қарағанда, оңтайлы әдістерді тамаша қолданып, ұпай санын еселеп алды.

 

Олег Гарипов, 1 дәрежелі боксшы. Қостанай облысы:

– Көкшетаулық алғашқы қарсыласыммен қолғап түйістіруде аяғында шамалап шаршаңқырап қалғаным болмаса, жалпы өзіме көңілім толды. Қарсыласым менен төзімдірек екенін байқадым. Мен бұл жарысқа барлық ынтамды қойып дайындалдым. Сондықтан алдағы кездесулерде жеңісті қолдан бермеспін.

 

Камиль Сафиннің құрметіне өтіп жатқан халықаралық доданы ұйымдастыруға марқұмның үзеңгілес досы Шайбек Қарағазиев те атсалысқан. Ол кеңес тұсында халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен құрамада ел намысын бірге қорғаған. Бүгінде ол облысымызда бокстан бас жаттықтырушы қызметін атқарады.

 

Шайбек Қарағазиев, бокстан облыстың бас жаттықтырушысы:

-Камиль Сафин қазір қатарымызда жоқ, ол биыл 21 наурызда өмірден озған. Біз осыған дейін 1999 жылдан бері Камильдің жүлдесіне бокстан жиі кіші-гірім турнирлер өткізіп тұратынбыз. Бүгінгісі енді алдыңғы жарыстардан ауқымды. Ресейден 2 құрамадан құралған боксшыларды шақырдық. Қазақстаннан бұл жарысқа әр облыстан 10 команда қатысады. Үміткерлердің саны 100-ден асады.

 

Бәсеке 8-ші желтоқсанға дейін жалғаспақ. Ақтық сында сүрінбей өткен жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болады.

 

Берік Қасен