Билік

Мәжіліс депутаттары Петропавлда азаматтарды қабылдады

 

Мәжілісмендердің қабылдауына алғашқы болып жазылғандардың бірі есту кемістігі бар балаларға арналған түзету мектеп-интернатының директоры Жангелді Тәжин. Ұжым басшысын толғандырған мәселе кохлярлық имплантацияға қатысты. Елімізде 3 жасқа дейінгі саңырау балаларға ота тегін жасалып, оларға дыбысты естуге мүмкіндік беретін құралдар  ақысыз орнатылады. Ал уақыт өте оны алмастыру үшін ата-ана өздері қаржы салуы керек. Осының дұрыс-бұрыстығын Мәжәліс депутаты Анатолий Маковский телефон арқылы денсаулық сақтау вице- министрінен сұрап білді.

 

Анатолий Маковский,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бұл мәселе бойынша министрлік қазір құжат әзірлеген. Ол келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылатын болады. Онда қондырғыны алмастыру тегін жүргізіледі деп көрсетілген.

Парламентарилерден облыстық мәслихаттың депутаты Күлбаршын Әбдірахманова да өз сауалына тұшымды жауап алды. Халық қалаулысы мәжілісмендерден Тайынша мен Ғабит Мүсірепов ауданында салынатын мектептерді республикалық бюджеттің инвестициялық жобасына енгізуді сұраған. Мәселеге үш ауысымда оқытылатын білім ошақтары түрткі болыпты.

Бұл күні мәжіліс депататтары ұйымдастырған қоғамдық қабылдауға келгендер саны 7 адам. Көтерген мәселелері алуан түрлі. Олардан құлағдар болған халық қалаулылары мәселенің шешу жолдарын Парламент қабырғасында талқылауға уәде етті. Бұдан Соң Анатолий Маковский облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттарымен жүздесті. Әңгіме барысында Мәжіліс депутаты өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, шешімін күткен мәселенің де жоқ еместігін атап көрсетті. Соның бірі Ақжар ауданындағы қиыршық тас өндіретін кәсіпорын.

 

Анатолий Маковский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Ақжар ауданындағы қиыршық тас өндіретін кәсіпорын инвестициялық бағдарлама шеңберінде іске қосылған. Алайда өндіріс ошағы қазіргі күні толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Мәселе Үкімет отырысында да көтерілген болатын. Оның шешу жолдарын бірлесіп қарастыруымыз керек. Жалпы облыста атқарылып жатқан істердің барлығы сіздердің бақылауларыңызда болуы тиіс. Өздеріңіз шеше алмайтын проблемаларды бізге жолдасаңыздар, біз оны Парламентте көтереміз.

 

Анатолий Маковский сондай-ақ жиынға қатысушыларды қазіргі күні Үкіметте қаралып жатқан жаңа заң жобаларымен де таныстырып өтті. Ал бекітілген заң жобаларының орындалуын қадағалау халық қалаулыларының міндеті.

Самат  Есмағи