Әр түрлі

Бюджеттің ашықтығы бойынша СҚО алдыңғы орындарға шықты

 

Жергілікті бюджеттің ашықтығы индексін анықтауға арналған зерттеу осымен екінші рет жүргізілді. Бұл жұмысты Қазақстанның ұлттық бюджеттік жүйесі мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты ұйымдастырған. Сарапатама еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларын қамтыды. Нәтижесінде біздің өңір 100 ұпайдың 49,9-на ие болып, 12-ші орыннан екіншіге көтерілді. Бұл біздің облыс үшін салмақты көрсеткіш.

 

Сергей Худяков, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры:

– Бұл зерттеу жұмыстары республикамыздың барлық аймағында 4 ай бойы жүргізілді. Сөйтіп, тұрғындар бюджетті жоспарлау, оны орындау мен есеп беру деңгейлерінен хабардар бола алады. Жергілікті жерлерде әлеуметтік бағдарламалар облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан тұрғындар әлеуметтік шығындар көлемін, жергілікті бюджетпен халықтың проблемалары қалай шешілетіндігін білуі керек.

 

Жергілікті жерлерде бюджетке қатысты ақпарат халық үшін ашық және қолжетімді болуы керек. Өйткені, тұрғындар ел қазынасынан бөлінген қаражаттың қай салаға бағытталып жатқанынан хабардар болуы тиіс. Мәселен, облыстағы қаржы басқармасын алатын болсақ, соңғы 10 жылда оның бюджеті 10 есеге көбейген. Сөйтіп, 16 млрдтан бүгінгі күні 116 млрд теңгені құрап отыр.

Дөңгелек үстел басына жиналғандар бұл бағытта туындап жатқан мәселелерді де алға тартты.

 

Сергей Худяков, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры:

– Зерттеудің нәтижесінде бізде бюджетті қайта әзірлеу деңгейінің ашықтығына қатысты жиналған ұпай саны аз екендігі байқалды. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші, депутаттардың дауыс берушілермен кездесуі сынды мәселелер әрдайым жарияланып отыруы керек. Бірақ, бұл ақпараттар сайттар мен БАҚ-тарда көп айтыла бермейді.

 

Үкіметтік емес ұйымдармен өткен мұндай кездесу алдағы уақытта республика деңгейінде ұйымдастырылады. Онда атқарылған жұмыс қорытындыланып, алдағы жоспарлар айқындалады.

 

Бану Ахметова