Әр түрлі

Бұзақылар көшедегі мүсіндерді бүлдіруде

 

Ағаштан жасалған жасөспірім қыздың мүсіні орталық көшеге орнатылған соң бірден көпшіліктің сүйкімдісіне айналып еді. Өткен-кеткен оның қасында суретке түсіп, балалар біраз қызықтайтын. Бірақ, бұл қызық ұзаққа созылмады. Жарты жыл өткенде мүсінді әдепсіз азаматтар талқандап кетті. Одан кейін мықты болсын деп мүсіншілер бетоннан құйды. Ол да жарамады. Бұзақылар бұл жолы мүсіннің тізелерін жарып жіберген. Өкінішке қарай, бұл қылмысты “мен көрдім” дегенді де естімедік, оқиға әкімдіктің маңайындағы бейнекамераға да жазылмапты.   Мәдениет және демалыс саябағында тұрған 9 мүсіннің де жағдайы бүгінде мәз емес.

 

Светлана Брютова,мүсінші:

– Менің бұған қарап жүрегім ауырады, қаншама еңбек зая кетті. Бұл қаланың көркі үшін ықыласпен жасалған дүние ғой. Осыған деген сыйластық қайда, ұят қайда? Кейде осындай адамгершілік қасиеттерден жұрдай болып бара жатқандарға жаным ашиды.

 

Мүсіндер жергілікті бюджеттің ақшасына жасалған. Оған 3 млн. теңге жұмсалыпты. 3 млн. дегенің де аз ақша емес. Бүгінде мүсіндердің әрбір бөлшегі опырылып түскен сайын, сол қаржының әрбір тиыны желмен бірге ұшып жатқан сияқты. Шенеуніктердің тарапынан да шығынның орнын толтыру туралы арыз түспеген. Ендеше, бұзақыларды іздеуге ешкімнің құлқы жоқ.

 

Данаш Хамзина