Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы мол мүмкіндіктер ұсынады

 

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Осы тұрғыда елімізде 2010 жылдан бастап “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасы қолға алынды. Оның шарапатын теріскей кәсіпкерлері де айқын сезінуде. Аталмыш құжат күшіне енгелі облыстық үйлестіру кеңесінің қарауына 1 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 201 қолдау тапқан.

 

Александр Иванищев, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Кәсіпкерлерге берілген жалпы сома 18,6 миллиард теңгені құрайды. Мақұлданған 24 кепілдік несиеге бағытталған қаражат көлемі 1,5 миллиард теңгенің үстінде. Сонымен қатар 750 кәсіпкерге түрлі қолдау көрсетілді. Бұдан шағын және орта кәсіпкерліктің өңірімізде қаншалықты дамып келе жатқандығын айқын аңғаруға болады.

 

Субсидия бір бөлек, оған қоса өз ісін енді бастағандарға мемлекет тарапынан 3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант та беріледі. Оған қол жеткізу үшін теңдесі жоқ жоба ойлап табу қажет. Бұл ретте өңірімізде 2012-2013 жылдары жалпы сомасы 7,5 миллион теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданыпты.

 

Александр Иванищев, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-«Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде кәсіпкерлерге тек қаржылай қолдау ғана емес, сонымен қатар тегін ақыл-кеңестер де беріледі. Яғни өз ісін енді бастаған тұлға менеджмент, топ менеджер даярлайтын арнайы курстарда білім алу мүмкіндіктеріне де ие. Оның ашқан ісіңді дөңгелетуде айтарлықтай пайдасы бар. Арнайы курстардан өтуге ниет етушілердің саны жыл санап артып келеді.

 

Қазіргі күні өңірімізде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 22 мыңның үстінде. Олардан түсетін қаржы облысымыздағы жылдық салық көрсеткішінің 60 пайызын жабуға мүмкіндік береді екен.

 

Самат Есмағи