Құқық қорғау органдары

Қар түсісімен жол-көлік оқиғалары жиіледі

 

Бүгінгі үздіксіз жауған дымқыл қардың салдарынан таңертеңнен бері 7 көлік қақтығысқан. Мәселен, мына жапондық темір тұлпарға мінген жүргізуші Есіл өзеніндегі көпірге қарай бет ала бергенде, алдындағы 21 бағыттағы шағын автобусты байқамай қалған. Абырой болғанда, жолаушылардың шошынғаны болмаса, ешкім жарақат алмаған. Сағатына 20 шақырым жылдамдықпен келе жатқан «Джип» жолаушылар көлігін тек жанап қана өткен. Ал шетелдік машинаны жөндеу шамамен 100 мың теңгеге шықпақ. Сондай-ақ, Смирнов көшесінде көктайғақтың кесірінен «Газель» көлігі бағытынан жаңылып, үйдің маңындағы жылу құбырына соғылған. Жүк көлігіне «Волга» келіп соғылыпты.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

-Бүгін таңертеңнен бастап Петропавлдың өзінде автокөліктердің қақтығысуымен 7 жол-көлік апаты орын алды. Бұл алғашқы қардың еріп, көктайғаққа ұласуынан болып отыр. Жүргізушілердің дені жазғы дөңгелектерін ауыстырып үлгермеген. Қазір мына «ВАЗ 21/24» маркалы көлік пен «Газель» жүргізушіне әкімшілік материалдар жинастырылып жатыр. Қозғалған істі Петропапвл қаласының әкімшілік соты қарайтын болады.

 

Инспектордың айтуынша, жүргізушілер әдеттегідей машинаның 4 доңғалағын қысқыға ауыстырам дегенше осындай оқиғалар жиі орын алып тұрады.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

-Көлік жүргізушілеріне айтарым, әсіресе осындай уақытта жолда тиянақты болыңыздар. Жылдамдықты шамадан тыс асырмай, машиналар арасындағы ара қашықтықты сақтаңыздар. Және машинаның резеңкелерін қысқыға ауыстырыңыздар.

 

Қауіпті деген тайғақ жолдарға коммуналдық кәсіпорындар таңертеңнен бері құм төсеп жатыр, бірақ үлгеретін емес.

 

Берік Қасен