Құқық қорғау органдары

Петропавлда қалтаға түсуді кәсіп қылған ұры ұсталды

 

Петропавл қаласының 2 тұрғыны Ішкі істер басқармасына келіп, қоғамдық көліктерде әмияндарының қолды болғанын хабарлаған. Жоғалған ақша мөлшері шамамен 33 мың теңгенің маңайында.

 

Қуанышбек Зағыпаров, Петропавл қаласы ІІБ аға тергеушісі:

-Жүргізілген іс-шаралар барысында Көкшетау қаласының 26 жастағы тұрғыны тұтқындалды. Қазіргі уақытта күдікті қабылдау-бөлу орталығына қамалған. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

 

Қылмыскердің ұрлық жасау тәсілі мынадай. Ол аялдамада тұрып  ақшасы бар деген азаматшаны жобалап, оның соңынан автобусқа мінеді. Жолаушылардың көптігін пайдаланып, қарбалас сәттерде сөмкеге білдіртпей қолын сұғып, әмиянды жымқырады екен. Ішінен тапқанын қалтасына басып, әмиянды қаланың басқа шетіне лақтырып жіберіп отырған.

 

Руслан Төлебаев, Петропавл қаласы ІІБ тергеушісі:

-Ол екі факті бойынша өз қылмысын мойындады. Жәбірленушілер де оны таныды. Қылмыс орындарын анықтау және нақтылау жөніндегі тергеу амалдары кезінде  сезікті әмияндарды қайда лақтырғанын және әрқайсысынан қанша ақша ұрлағанын айтты.

 

Қалта ұрысына жем болмау үшін әмиян, ұялы телефон мен құнды заттарды киімнің ішкі жағына салу керек дейді тәртіп сақшылары. Қырағылық танытқан жағдайда ғана заттарыңыз ұрының оңай олжасына айналмайды. Бүгінде облыстық криминалдық полиция басқармасында 15 қалта ұрысы есепте тұр.

 

Данаш Хамзина