Бизнес және экономика

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер жапондық сапа менеджменті жүйесімен танысуда

Жапондық “Кайдзен” әдісін меңгеруге келген 20 тыңдаушының арасында қонақ үй, мейрамхана сынды қызмет түрлерімен айналысатын жеке кәсіпкерлерден басқа үйлерін жалға беретін қарапайым тұрғындар бар. Олардың барлығы аталмыш бағдарламаның арқасында еңбек өнімділігінің сапасын арттырып, шығындарын қысқартуға ниетті. Курс тыңдаушылары сертификатқа ие болады. Даму қоры мамандарының айтуынша, бизнесті жетілдірудің бұл жапондық үлгісі Қазақстандағы менеджмент жүйесін өзгерте алады.

 

Гүлмира Зейнуллина, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚО филиалының менеджері:

– Бұл тренинг кәсіпкерлер үшін тегін. Тренингті жапон елінде кайдзен әдісі бойынша іс-тәжірибеден өткен Еуропалық сапа ұйымының бас кеңесшісі Серік Жолдаспаев өткізуде. Мұндай семинарларды даму қоры бірінші рет өткізіп жатқан жоқ, бұған дейін психология, мемлекеттік сатып алулар және қаржы қызметкерлеріне  жатпайтын адамдарға қаржы тақырыбында семинарлар өткіздік. Даму қоры осындай семинарлар арқылы кәсіпкерлікке қатысты барлық тақырыптарды қамтуға тырысады. Бұл семинар-тренинг жайлы ақпаратты Алтынсарин көшесі 168 Б үйі, 707-ші кабинеттен алуға болады.

 

Қарағанды Сапа Институтының директоры Серік Жолдаспаев өнім өндірушілерге, сатушылар мен сатып алушыларға экономикалық-шаруашылық және құқықтық мәселелер жөнінде 14 жылдан бері ақыл-кеңес беріп жүр. Сондықтан, ол бүгін тыңдаушыларға жобалау менеджменті аясында «Кайдзен» инновациялық жобалар мен бағдарламарды басқарудың жапондық әдістемелік нұсқасын ұсынуда. Жалпы «Кайдзен» деген сөз «үздіксіз жетілдіру» дегенді білдіреді. Осы стратегияға сүйене отырып, жетілдіру процесіне менеджерлерден бастап жұмысшыларға дейін тартылады.

 

Серік Жолдаспаев, бизнес-тренер, “Қарағанды Сапа Институты” ЖШС директоры:

– Жапон менеджменті бизнес саласында өзінің тиімділігін бірнеше 10 жылдықта дәлелдеген. Қазақстанның өндіріс орындарындағы орташа еңбек өнімділігін алатын болсақ, бір адамның басына шаққанда 40, одан көп болса 60 мың доллар ғана болады. Дамыған Америкада бір басқа шаққанда 200 мыңға долларға жетеді. Ал, жапондықтарда бұл көрсеткіш 5 есеге дейін әлдеқайда жоғары болып отыр. Бұл сандар нені айтады, яғни ол мемлекеттер менеджмет пен уақытты тиімді пайдаланғандықтан бәсекеге қабілеттілікті арттырып отыр.

Жапондық бұл жоба Петропавлда да жақсы жолға қойылып келеді екен. Оған дәлел өңіріміздегі кәсіпорындардың бірінде жартыжылдық кіріс 30 пайызға ұлғайып, сәйкесінше одан келген пайда 3 есеге дейін өскен.

 

Берік Қасен