Билік

Қызылжар ауданы әкімінің тікелей эфирдегі есебі

Қызылжар ауданындағы ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі биыл 100 пайызды құрады. Мұнда мал саны да артқан. Қазір 29,4 мың бас мал болса, соның 15,8 мыңы – ірі қара. Аудандағы өнеркәсіптік кәсіпорындар 7,3 млрд. теңгенің өнімін шығарса, нақты көлем индексі биыл 110 пайыздан асқан.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-Бұл көрсеткіштің өсуі 8 кәсіпкерлік және өнеркәсіп орнының ашлуымен байланысты. Осылайша, олар 58 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Жыл соңына дейін тағы 3-еуі, ал келер жылы 5 нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бізде Индустрияландыру картасына 5 жоба енгізілген. Оның 3-уі толық қуатта жұмыс істеп тұр.

 

Негізі бүгінгі брифингтің қызықты әрі қызу өткенін айту керек. Журналистер Қызылжар ауданының әкіміне сұрақтарды жаудырды. Өзекті дегені – айта-айта жауыр болған жолдың жағдайы.

 

Гүлнәр Қали, МТРА тілшісі:

-Боровское селосының тұрғындары біздің арнамызға жолдың жоқтығын айтып шағымданды. Селолық округтің әкімі қол қусырып қарап отыр дейді.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-Ол селолық округтің әкімі түк бітірмей отыр деп айтпас едім. Қызметіне биыл ғана тағайындалғанымен елді мекеннің тіршілігін жақсы біледі. Жолды жасайтын инерттік материалдар қоры дайын тұр. Қолбайлау болғаны – ауа райы. Бұл мәселе міндетті түрде шешіледі.

 

Жиында Якорь селосындағы мектепті оқулықтармен қамту мәселесі де көтерілді.

 

Данаш Хамзина, МТРА тілшісі:

-Якорь селосында әлі күнге дейін оқулықтар жоқ дегенді естіп жатырмыз. Сіз бұл туралы білесіз бе?.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-Бұл мәселе туралы мен әрине білемін. Оның шешілуі біздің қадағалауымызда. Негізі, кітаптарға тапсырыс берілді. Желтоқсан айында келуі тиіс.

 

Брифингте журналистер жалақы төлеу, ауыз су және жарықпен қамту жайлы да сұрастырды. Бүгін біраз мәселенің түйіні сөзбен тарқатылған сияқты. Ендігі кезек, оның орындалуы.

 

Данаш Хамзина