Денсаулық сақтау

Петропавлда “Үздік пациент” байқауының жеңімпаздары анықталды

 

Бүгін 3-ші қалалық емхананың әкімшілігі өздерінің қызметкерлерін де, емделушілерін де қуантып тастады. Олар жазда өткен байқаудың жеңімпаздарын Тұңғыш Президент күніне орай жариялауды жөн көріпті. Сөйтіп, амбулаторлық құжаты жинақы, өзі де ұқыпты, дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындайтын 3 азаматқа сыйлық, ал мекеменің үздік мамандарына сыйақы берілді. Николай Белозеров қант диабетімен ауырады. Сол себепті, мұнда жиі келеді. Ол мен үшін ақ халаттының рецебі ғана емес, ықыласы да маңызды дейді.

 

Николай Белозеров, “Үздік емделуші” байқауының жеңімпазы:

-Бұл – мен үшін күтпеген  сый болды. Әрине, зор ілтипатқа қуанып қалдым. Жалпы, мұндағы дәрігерлердің қызмет көрсетулері көңілімнен шығады. Олар тазалықты, тәртіпті сақтайды.

 

Бұл марапаттаудан кейін “Үздік емделушілер” тамаша көңіл күймен үйлеріне, дәрігерлер жұмысқа деген жақсы серпіліспен кабинеттеріне оралды. Эндокринолог-дәрігер Рауза Дүйсенованың да еңбегі бүгін жоғары бағаланды. Оның есебінде 1 700-ге жуық адам бар. Ол күніне 40-тан астам тұрғынды қабылдайды екен.

 

Рауза Дүйсенова, №3 қалалық емхананың эндокринолог-дәрігері:

-Маған келгендерді ықыласпен тыңдап, қолымнан келген көмегімді аямаймын. Мен үшін ең бастысы – алдыма келген азаматтың денсаулығын жақсарту.

 

3-ші қалалық емханаға 65 мың адам тіркелген. Соның 15 мыңы – балалар. Соңғы 3 жылдың ішінде дәрігерлер қатары 22 жаңа маманмен толығыпты. Алдағы уақытта тағы екеуі келмек. Мұндағы медициналық құрылғылар да жиі жаңартылып тұрады.

 

Әлия Ташетова, №3 қалалық емхананың бас дәрігері:

-Сандық маммограф, жүректің қағысын 24 сағат бойы бақылайтын “холтер” деген аппарат, әйелдердің денсаулығын тексеруге арналған видеокольпоскоп деген құрылғылар алынды.

 

Біздің әуелгі байлығымыз – денсаулық. Сол байлықтан айрылмайық. “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” дегендей, салауатты өмір салтын ұстанған жөн.

 

Данаш Хамзина