Құқық қорғау органдары

Таксишілер кәсіпкер әйелді өлтіріп кетті

 

38 жастағы азаматшаның ізім-қайым жоғалғандығы туралы суық хабарды полицейлерге оның анасы жеткізген. Жапа шегуші түнгі сағат 10 шамасында үйден шығып кеткен. Содан қайта оралмапты. Жайшылықта жиі қоңырау шалатын қызы үшін алаңдай бастаған анасы дереу құқық қорғау органымен байланысқан. Олар азаматшаның жоғалуына ең алдымен, оның жеке кәсіпкерлікпен айналысуы себеп болды деп жорамалдайды. Өйткені, іскер азаматша такси жүргізушілеріне 2 автокөлігін жалға берумен айналысып келген.

 

Марат Жұмалиев, Петропавл қ. ІІД криминалдық полиция бөлімінің басшысы:

-Жоғалған әйел қаражат жағынан ешкімге тәуелді емес. Әрі мойнында қарызы да болмаған. Оған қоса иелігінде 2 автокөлік бар. Ол көліктерді қосымша ақша табу үшін пайда көзіне айналдырған. Соған қарап, біз жеке кәсіпкерге қаскөйлердің тарапынан зорлық жасалды деген болжам жасадық.

 

Осы жорамалмен жедел уәкілдер іздестіру амалдарына көшіп, Петропавлдың 29 жастағы тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Сұрастыру барысында сезікті кәсіпкерді өлтіргенін мойындаған. Тек бұл пиғылын жүзеге асырғанда жалғыз болмапты. Қасында бұрындары сол әйелден көлікті жалдаған танысы бірге жүрген. Ол сыбайласымен бәрін алдын ала жоспарлап, арам ісін жүзеге асырғаннан кейін, мәйітті қала сыртына апарып тастаған. Қазір қандықол қылмыскердің 2-уі де уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ұсталғандардың бірі жеке кәсіпкермен жалға алынған көліктің ақшасына бола жанжал шығарған. Осылайша, ашуға булыққан такси жүргізушісі жәбірленушіні машинадағы қауіпсіздік белбеуімен буындырып тастаған. Қазір осы мәліметтің негізінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 

Берік Қасен