Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенат депутаттарының Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапары

 

Өңір басшысы Самат Ескендіров, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұхтар Алтынбаев пен Икрам Адырбеков алдымен облыс орталығындағы 66/37 әскери бөліміне ат басын тіреді. Меймандарды қарсы алған әскери бөлім командирі Ақиқат Жұмаханов оларды әскери бөлімдегі шұғыл әрекет ету тобының жұмысымен таныстырды. Сенаторлар назарына сондай-ақ, әскери бөлімдегі соңғы үлгідегі қару-жарақтар да көрсетілді.

Бұдан соң меймандар “Бүркіт” арнайы мақсаттағы шұғыл-әрекет ету тобының әзірлігімен танысты. Мұнда арнайы жасақ автобуста кепілге алынған адамдарды құтқару барысын көрсетті.

Сенаторлар бөлімнің әскери техникасымен де танысып шықты. Солардың бірі – жазасын өтеушілерді тасымалдайтын мына көлік. Техниканың артықшылықтары жайында меймандарға әскери бөлім басшысы әңгімеледі.

Әскери бөлімнің спорт кешені де меймандар назарынан тыс қалмады. Онда сарбаздардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.

Бұдан соң сенаторлар әскери институтқа ат басын тіреді. Оқу орнында қазіргі таңда 850 курсант тәлім алуда. 300 маман дәріс береді.

Бұдан соң меймандар оқу ордасындағы мұражайды да аралап көрді. Ол 1997 жылы ашылған. Өткеннен сыр тарқатар жәдігерлер баршылық. Сенатор Мұхтар Алтынбаев бұл жерде құрметті қонақтар естелік кітабына оқу ордасына деген тілегін білдіріп, қолтаңбасын қалдырды. Артынша олар институттың жеке құрамымен жүздесті.

 

Самат Есмағи