Қоғам

Ризашылық мерекесі

 

 

Міне нақ осылай ән, бимен жыл сайын отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері ризашылық мерекесін тойлайды. Қарашаның соңғы бейсенбісінде аталып өтілетін бұл күн ата- ана қамқорлығынсыз қалған балғындар үшін әсіресе маңызды. Бұл мейрамда бүлдіршіндер қонақтарды қарсы алуды дәстүрге айналдырған. 7 жыл қатарынан Мамлют аудандық әкімдігі балғындарды өз сыйлықтарымен қуантып келеді. Бүгін олар спорттық костюмдер мен дойбы, шахмат жиынтықтарын тарту етті.

 

Галина Якушевская, Мамлют аудандық білім бөлімінің әдіскері:

– Біз бұл балаларды барлық мерекелермен құттықтаймыз. Әр мейрамда сыйлықтар әкеліп, оларға деген өз қамқорлығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта олар елін, жерін сүйетін, ұлтжанды азаматтар болса екен дейміз.

 

Аталмыш мекеменің негізі 2001 жылы қаланған. Осы уақыт аралығында мұндағы ұстаздар 50-ге жуық балаға үлкен өмірге жолдама берген. Ал қазір мұнда 33 бала тәрбиеленеді.

 

Айна Ғазизова, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

-Мен бос уақытымда кітап оқығанды ұнатамын. Шаш өргенді де жаным сүйеді. Ән айтып, би билеген де ұнайды.

 

Әрине туған ата-ананың аялы алақанын ешкім алмастыра алмайды. Десе де «Жетім көрсең жебей жүр» демекші,мұндағылар балғындарға жақсы тәрбие беріп, олардың терең білім алуына қолдан келер көмектерін көрсетуде.

 

Арыстан Әкімжанов, отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры:

– Бұл балалар ертең бізден шыққаннан кейін қиындық көрмесін деп тәрбиелеп жатырмыз. Үкімет тарапынан да жақсы қолдау көрсетіледі.

 

Ризашылық күні Қазақстандағы бүкіл бүлдіршіннің ардақты анасы атанып кеткен Сара Алпысқызының бастамасымен тойланады. Сондықтан мерекені атап өтуге балдырғандар қызу дайындалған. Бағдарлама да тосын сыйларға толы болды.

 

Мағжан Ахмадина