Мәдениет

Келіндер байқауы

 

Қазақтың келіндері үйіне келген қонаққа иіліп сәлем беріп, дастархан жайып, ыстық шай береді. Бұл ежелден келе жатқан әдеп-ғұрыптардың бірін бүгін қаламыздың 7 келіні көрсетті. Дастарханға қойылған тағамдардың бәрін олар өздері әзірлеген. Тек жақсы келін болып қана қоймай олар, адал жар, түрлі салаларда еңбек етіп, бала тәрбиелеп, бәріне үлгеріп жүр. Солардың бірі – Жазира Көкбас М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де мұғалім болып жұмыс істейді. 3 баланың анасы байқауға жақсы дайындықпен келіпті.

Ерлермен бірдей иық теңестіріп, Петропавл қалалық ІІБ учаскелік инспектор қызметін атқарып жүрген Жұлдыз Бағыт та байқауда бағын сынап жатыр. Үйінде аяулы жар, жақсы келін, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қазақтың келіні деген атқа лайық болу әр нәзік жандының арманы дейді жерлесіміз. Сондықтан ол жеңістен үмітті.

“Жақсы келін-жанұя бақыты” аталған қалалық келіндер байқауы 5 кезеңді қамтыды. Сайыс барысында қатысушылар ата-тектерін таныстырып, салт-дәстүрді көрсетіп, бойында тұнып тұрған өнерлерін көрсетіп, әділ қазылар алқасын таң қалдыруы керек.

50 келіннің ішінен іріктеп алынған 7 нәзікжандының бәрі 7 аталым бойынша марапатталды. Ал, байқаудың бас жүлдесі өнер колледжінің оқытушысы Майра Сапарқұловаға бұйырды.

 

Бану Ахметова