Бизнес және экономика

Іскер әйелдердің облыстық форумы өтті

 

Жылына бір рет өткізілетін облыстық форум “Жаңа экономикаға әйелдердің қосқан үлесі” аталған көрмемен ашылды. Мұнда өңіріміздің белсенді бұрымдыларының өнімдері жайылды. Кәсібі өрге домалаған іскер әйел Лилия Щуцкаяның бизнеске ден қойғанына 17 жыл болыпты. Ол Ғ.Мүсірепов ауданында бал өндірумен айналысады.

 

Лилия Щуцкая, “Щуцкие” ЖК директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Бүгінде өз ісін ашқысы келетін нәзік жандыларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Әйелдер бизнесті қолға алып, бастаған ісін аяғына жеткізу үшін барын салады. Қаражат болмаса, мемлекеттен несие алуға да мүмкіндік бар. Біз әйелдер үйде де, бала тәрбиесіне де, қоғамдық жұмыстарға да үлгеріп жатырмыз.

 

Көрмеге күнделікті тұтынатын азық-түліктермен қатар тұрмысқа қажетті заттар және әшекей бұйымдар жайылған. Мұның бәрі – бизнеспен шұғылданып жүрген іскер әйелдердің өнімдері. “Әйел бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербетеді” демекші, бүгінде қоғамның қай саласында болмасын әйелдер қауымы ерлермен тең дәрежеде иық теңестіріп еңбек етіп жүр. Отбасында аяулы жар, мейірімді ана, өз жұмысына да жауапкершілікпен қарап, жан-жақты болып, бәріне де үлгеріп жүр.

Соңғы жылдары шағын және орта бизнесте өз ісін ашқан азаматтардың 37 пайызын әйелдер құрайды. Ал 290 қоғамдық ұйымының 60-нан астамын нәзікжандылар басқарады екен.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Әйелдер қауымы бүгінде қоғамдық істерге белсенді араласып келеді. Елбасы да биылғы жолдауында гендерлік теңдік жайына баса назар аударды. Басты құжатта елдің дамуымен қатар нәзік жандыларды қолдау керектігі де айтылған. Бұрымдылардың жергілікті мемлекеттік мекемелерге жетекшілік етіп, қоғамдық жұмыстарға тартылуына мүмкіндік беру керек.

 

Бәсекеге қабілетті ел болу үшін Елбасымыз гендерлік теңдік саясатын қолға алды. Дегенмен өңірімізде басшылық қызметте жүрген әйелдер аз көрінеді. Сондықтан бүгінгі форумда нәзікжандылардың әкім ретінде сайлануға, “А” корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің қатарына кіру үшін өз кандитатурасын ұсынудан жасқанбауы керектігі айтылды.

Облыстық форумда өңіріміздің көшбасшы әйелдері қатарынан көрінгендер таныстырылды. Жалпы, шараға 300-ден астам іскер әйел қатысты.

 

Бану Ахметова