Білім

“Болашақ” бағдарламасына – 20 жыл

 

 

«Болашақ» бағдарламасының шарапатын көргендердің бірі – Адай Баймұқанов. Талапты жас шетелде білім алуды кішкентай кезінен армандаған. 2011 жылы сол ойы жүзеге асып, ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Уорик университетіне оқуға түседі.

Адай Баймұқанов, «ҚР Ұлттық банкі» РММ СҚФ экономикалық талдау және сараптау бөлімінің бас экономисі:

-Бұл жоғары оқу орны жас, әрі танымал оқу ордаларының бірі. Сондықтан таңдау осы университетке түсті.

 

«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келген аталмыш бағдарлама 20 жылда талай жастың жігерін жандырып, армандарына қанат бітірді. Қаракөздеріміз мұхит асып, әлемге танымал оқу ордаларында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Тәжірибе жинақтады.

 

Адай Баймұқанов, «ҚР Ұлттық банкі» РММ СҚФ экономикалық талдау және сараптау бөлімінің бас экономисі:

-«Болашақ» бағдарламасы біріншіден халықаралық дәрежеде білім алу, екіншіден ағылшын тілін үйрену, үшіншіден әр стипендиат өз саласы бойынша терең білім алуға пайдасы тиді. Кейін өз елімізге келіп, ел дамуына өз үлесімізді қосуға деген қарқынды арттырады деген ойдамын.

 

Ел Президенті тағайындаған «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында оқып келген бұрынғы студент қазір білікті маман болды. Жоба бойынша білім алған жастар елге келіп, еңбек етуге білек сыбана кірісіп кетті.

Елена Давыденко да «Болашақ» бағдарламасы бойынша 4 жыл Англияда білімін шыңдап келген жас. Ливерпуль университетінде инновациялық менеджмент саласында оқыған ол, 2010 жылы елге оралып, қазір өңірімізге инвесторлар тартып жүр.

 

Елена Давыденко, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»Ұлттық компаниясы» АҚ» маманы:

– Елбасымыз тағайындаған стипендияның арқасында мен шетелде оқу мүмкіндігіне ие болдым. Біз үшін әлемдік оқу ордаларында білім алу зор қуаныш. Сондықтан біз сол жерде жинаған білімімізді елдің дамуына бағыттап, Президентіміз арқалаған міндеттерді ақтауға тырысамыз.

 

Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандық 5 жас «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жүрсе, 5-уі тың жоба арқасанда алған білімдерін ел игілігіне жұмсауда.

 

Мағжан Ахмадина