Бизнес және экономика

Өңірде кәсіпкерлер палатасы құрылды

 

 

Бұл кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен іскер жерлестеріміздің алғашқы бас қосуы. Өңірлік бизнес қауымдастығы 1 ай бұрын құрылған.

 

Нелли Кукушкина, СҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Ашық есік күнінің көздегені – жуырда құрылған ұйымның жұмысымен таныстыру. Әр облыс орталығында өңірлік палата жұмыс істейді. Қазір аудандарда бөлімшелерін ашып жатырмыз.

 

Ең бастысы – жаңа құрылым кәсіпкерлерге ісін табысты жүргізуге кәсіби кеңес алып, күрмеулі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұндай көмекке жүгініп, кәсібін дөңгелетемін деушілердің қарасы қалың.

 

Нелли Кукушкина, СҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін арнайы   орталық жұмыс істейді. Онда іскер азамат кез-келген мәселемен келе алады. Көбі жеңілдетілген несие рәсімдеуге мүдделі. Негізінен мемлекеттік қолдау механизімдері қызықтырады. Қадағалаушы органдарға да шағымдар түсіп жатыр. Әрбірімен жіті жұмыс жасаймыз.

 

Өңірлік палатаның кеңес құрамы да бекітіліп қойылған. Оған 20 табысты бизнесмен кіреді. Палатаға өңірде тіркелген әр кәсіпкерлік субьектісі мүшелік етуге міндетті. Біріншіден, ол бизнес иелеріне өз мүдделерін қорғау үшін қажет.

 

Ақ-Ләйлек Жаукина, “Жаукина” ЖК құрылтайшысы:

-Жеке ісін енді бастағандарға тәжірибелі мамандардан көмек алуға қол жетіп отыр. Мемлекет бизнеске тағы бір табан жақындады. Жаңа мүмкіндіктер ашылды. Міндетті түрде палатаға мүшелікке енеміз.

 

Жергілікті палата өкілдігінің көздегені жеке кәсіп иелері мен мемлекет арасындағы әріптестікті нығайту. Екі жақты тиімді байланыс экономиканың маңызды секторы бизнестің дамуына жол ашпақ.

Жеңіс Ермұқанов