Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланды

 

 

Қызылжар ауданының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі қай шамада. Бұл жайында жиынға қатысушыларды аудан әкімі Еркебұлан Қаменов құлағдар етті. «Еңбекпен қамту 2020» бағдарламасы шеңберінде үстіміздегі жылдың 10 айында аудан көлемінде өз ісін ашамын дегендерге жалпы сомасы 63 миллион теңгені құрайтын 24 шағын несие беріліп, 62 жаңа жұмыс орны ашылған. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа бағытталған қаржы 91 миллион теңгені құрайды. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да көңіл бөлінуде деп атап көрсетті өз баяндамасында аудан әкімі.

 

Еркебұлан Қаменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-Қаңтар мен қазан айлары арасында аудан кәсіпкерлері жалпы сомасы 7,3 миллион теңгенің өнімін өндірді. Ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстарғанда 110,5 пайызды құрады. Оған биыл 8 жаңа кәсіпорынның ашылуы арқылы қол жеткізілді. Жыл соңына дейін тағы 3 шағын және орта бизнес субектісі ашылмақ. Ол жаңа 37 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

 

Өңір басшысы бұл көрсеткіштер мақтануға тұрарлық екеніне мән беріп, алайда аудан көлеміндегі жалақы деңгейі төмендігін алға тартты. Облыс бойынша орташа көрсеткіш 73 мыңның үстінде болса Қызылжар ауданында бұл көрсеткіш 69500 теңгені құрайды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облыс деңгейінде орташа жалақы мөлшерін бекіттік, алайда сіздер оны орындамай отырсыздар. Қаланың іргесінде тұрған сіздер үшін ол көрсеткіш төмен. Өзге аудандардың жағдайы бұл тұрғыда әлдеқайда жоғары, осыған ұмтылу керек.

 

Аудан көлемінде мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 99 пайызды құрайды. Үш мектеп пен 55 шағын орталық жұмыс істейді. Оны жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу керек деп тапсырма қойды Самат Ескендіров аудан басшысына. Өңірімізде үстіміздегі жылдың 10 айында 554 өрт оқиғасы тіркелген. Оған қарапайым қауіпсіздлік ережелерін сақтамау себеп болған деп түсіндірді төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.

 

Павел Филиппов, СҚО ТЖД басшысы:

-Таяуда -2 градустық аязда бір көлік тас жолда тұрып қалған. Алайда оған арнайы техника 4 сағатта әрең жетті. Егер аяз одан жоғары болса көліктегі адамдардың жағдайы не болмақ. Қазір осы ағаттыққа орай барлық аудандық төтенше жағдайлар бөлімшелеріндегі техника тексеріліп жатыр. Қазіргі күні республикалық маңызы бар жолдарды бақылауға алуға бөлінген көліктер саны -98. Аудандық және ауыларалық жолдар бақылаусыз қалмайды.

 

Өңір басшысы бұл ретте бар мүмкіндіктерді пайдалану керектігіне тоқталып, қыс мезгіліндегі жағдай қатаң бақылауда болуы керектігін ескертті аталмыш ведомство жетекшісіне. Автокөлік жолдарының жағдайы да күн тәртібінде қаралды. Осы жылы оның қаншасы оңдалды, нендей жұмыстар атқарылды, ол жайында жиынға қатысушыларды аталмыш басқарма басшысы құлағдар етті.

 

Бейбіт Исманов,СҚО автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы:

-Жергілікті маңызы бар жолдарда 36 көпір бар, алайда олардың 12-і апаттық жағдайда. Сонымен қатар 1525 су өткізгіш құбырлардың 230-да ақау бар екендігі анықталды. Бұл мақсаттарға 2011-2013 жылдарға бағытталған қаржы 10 миллиард теңге. Осы жылы бұл қаржы есебінен 25 шақырым жолға күрделі, 92 шақырымға ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жалпы жол жөндеуге осы жылы бөлінген қаражат 5 миллиард теңгенің үстінде. Осыны атап көрсеткен өңір басшысы жөндеу жұмыстары аяқталған жерлерді қабылдау комиссиясының құрамына депутаттарды да кіргізу керектігін атап көрсетті. Себебі олар қаржының қайда жұмсалып жатқандығын халыққа түсіндірулері қажет.

Жиында қаралған соңғы мәселе аудандық маңызы бар 4 қаланы дамыту. Ол жайына экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы тоқталды.

 

Айгүл Өтеуленова,СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Ағымдағы жылдың 10 айында ең көп өнім өндірген қала ол Тайынша. Жалпы сома 3 миллиард 377 миллион теңгені құрайды. Ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары.

 

Сергеевкада бұл көрсеткіш 969,3 миллион теңгені құрайды. Бұл өткен жылғыдан 11,4 пайызға жоғары. Ал мамлюттіктердікі – 90,1 миллион теңге. Ол былтырғы көрсеткіштен 31,9 пайызға артық. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы аталмыш аудан әкімдері мен 4 қала әкіміне жағдайды оңалту керектігін міндеттеді. Бұл ретте олар өздерінің нақты жобаларын әзірлеу қажет. Соған сәйкес әр қаланы дамытудың 3 жылдық бағдарламасы бекітілетін болады. Көзделген мақсат – қала атауына ие елді мекеннің статусын жоғарылату.

 

Самат Есмағи