Билік

Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің брифингі

 

М.Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев журналистерге әзірлеген баспасөз релизінде барлық салаларды қамтуға барынша тырысқанымен, бір өкініштісі, 15 беттік баяндамасының басы мен соңын ғана қазақ тілінде жазған. Ортасын орысша зуылдатып оқып берді. “Жақсының жақсылығын айт” демекші, бұл ауданда, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында ауқымды іс атқарылған көрінеді. Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыруға биыл 70 млн. теңге субсидия бағытталған екен. 68 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2 мыңға жуық мүйізді мал сатып алыныпты. “Сыбаға” бағдарламасының арқасында да ірі қара саны өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артқан. Өнеркәсіптік өнімнің де өсімі бар. Соңғы 10 айда оның көлемі 2 млрд. 597 млн. теңгені құрады. Ал, нақты көлем индексі – 102 пайыз. Негізгі капиталға құйылған қаржының жартысынан көбін жеке инвестициялар құрап отыр.

 

Қайрат Пішенбаев, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

Бізде шағын және орта бизнестің рөлі басым. Аудандағы мың жарымнан астам бизнес-ұйымда 7 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оларға берілген несие көлемі 335,2 млн. тенге. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы арқылы 9 жоба мақұлданды. Индустрияландыру картасы аясында 1 жоба жүзеге асырылып, 19 жұмыс орны құрылды. “Жұмыспен камту” бағдарламасының 3 бағыты бойынша ауқымды істер атқарылуда.

 

Ауданда биыл аумағы 1322 шаршы метрді құрайтын баспана беріліпті. Булаевода тағы 10 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Көңілден шыққан жаңалық, мұнда жаңа емхана салынуда. Негізі, әдетте, ауылға не керек? Ол – су мен жол. Қайрат Пішенбаев журналистерге бұл мәселелер шешіліп жатыр деді. Тілшілер қауымын медициналық кадрлардың жетіспеушілігі де алаңдатуда.

 

Қайрат Пішенбаев, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

-Орталық ауруханаға екі маман жетіспейді. Біріншісі – лор, екіншісі – лаборант. Биыл бізге 6 жас маман келді, олардың бәрі жұмыспен қамтылды және үй мәселесі де шешілді.

 

Жиында Булаево қаласындағы рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгу, жалақы төлеу және жастардың уақытын тиімді өткізу мәселелері сұрастырылды.

 

Қайрат Пішенбаев, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

-Біз қазір ғимарат іздеп, соны сатып алу, күрделі жөндеу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Біз осы жылы 3 ауылға осындай ғимарат алдық. Олар – Тыщенко, Пролетарка, Лебяжье.

 

Қайрат Пішенбаев өз сөзін ел алдында зор міндеттер тұр, оларды іске асыру үшін жан салып еңбек етеміз деп аяқтады. Әкімнің алға қойған жоспарын қаншалықты орындайтынын уақыт көрсетеді.

 

Данаш Хамзина