Көлік және жолдар

Жөндеу жұмыстары жұрттың көшеде жүруін қиындатып жіберді

 

 

Жеңіс көшесінде орналасқан көпқабатты үй тұрғындарының көктемнен бері мазасы қашыпты. Өйткені дәл осы жерде бірнеше жыл бұрын су жаңа асфальт төселген болатын. Алайда, мамыр айында кәріздік құбырларды ауыстырған серіктестіктер жұмысты аяғына дейін апармай, орта жолдан кетіп отырған. Осылайша тұрғындар саз балшықтың ортасында қалыпты. Жаңбыр жауса, бұл маң ми батпаққа айналады. Бүгінде аяқсыз қалған істі «Петролюкс-строй» ЖШС-і жалғастыруда. Баспана иелері бұған қарсы емес, керісінше, дән риза. Бірақ, Жеңіс көшесі, 6-шы үйде тұратын Светлана Гаврилова мердігерлер жұмысқа кірісу үшін осы маңда жайқалып тұрған жасыл желекті де кесіп тастағанын айтады.

 

Светлана Гаврилова, қала тұрғыны:

-Тас жол осыдан 6 жыл бұрын төселген. Енді міне одан не қалғанын қараңыз, балалар мен қарт адамдарға бұл жермен өту қиын болып тұр. Қазылған орды айналып жүруге тура келеді, үнемі қажет жерге кешігіп шығамыз. Біз жөндеу жұмыстарының қажеттігін мойындаймыз, бірақ бізге жолды қалпына келтіріп берсе, басқа ештеңе де керек емес.

 

Содан бері тұрғындардың жүріп-тұруы мүлдем қиындаған. Маңайдағы мектеп пен балабақшаға жету үшін бірнеше метр жерді айналып өтуге тура келеді. Ал жеңіл көліктердің қозғалуына мүлдем жағдай жоқ – дейді жергілікті тұрғындар. Егер де серіктестік қар түскенше қалпына келтіру жұмысын аяқтамаса, келер көктемде жер жылысымен, қар еріп тұрғын үйлердің жертөлесін су басып қалу қауіпі бар.

 

Бақыт Сәдуақасов, тілші:

-“Петролюкс-строй” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің айтуынша Жеңіс көшесі бойындағы жөндеу жұмыстары қараша айының аяғына дейін аяқталмақ. Ал асфальт төсеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқтауы тиіс.

 

Бақыт Сәдуақасов