ТЖ

Солтүстікқазақстандық өрт сөндіруші Қанат Майсейітов – “Ерлігі үшін” медалінің иегері

 

 

Үстіміздегі жылдың басында Мамлют қаласындағы тұрғын үйлердің бірі отқа оранған болатын. Кейін анықталғандай баспана иесі араққа сылқия тойып алып, сөндірілмеген темекімен ұйықтап кетіпті. Абырой болғанда, тілсіз жау күрескерлері дер кезінде оқиға орнына жетіп, жапа шегушіні құтқарып қалды.

 

Қанат Майсейітов, Мамлют аудандық №15 өртке қарсы күрес бөлімінің өрт сөндірушісі:

– Үйдің іші қою түтін. Баспанада адамның барын естіп ішке ендім. Уақытында үлгеріп адамды сыртқа шығардым.

 

Қанат Майсейітовтың кәсіби қырағылығы үстемдік құрған отты уақытында ауыздықтап, тұтқынында қалған жапа шегушіні өлім аузынан аман алып қалуға септесті. Антына беріктігін, сертіне адалдығын танытқан қатардағы жауынгердің ерлігі елеусіз қалмады. Өзгенің саулығы үшін қызыл жалынға қарсы тұрып, тілсіз жауға қаймықпаған қайсар жерлесіміз Елбасының қошеметіне ие болды. Батырлар күнінде өзгенің өмірін өзінікінен жоғары санаған Қанаттың омырауына Н.Назарбаев “Ерлігі үшін” төс белгісін тақты.

 

Қанат Майсейітов, Мамлют аудандық №15 өртке қарсы күрес бөлімінің өрт сөндірушісі:

– Ақордада менімен бірге тағы үш өрт сөндіруші марапатталды. Мен Солтүстік Қазақстаннан жалғыз өкіл болдым. Бұл медальға ел бойынша 37 тілсіз жау күрескері ұсынылыпты. Таңдау маған түскеніне әрине қуаныштымын. Елбасының қолынан төс белгі алу үлкен мәртебе. Әріптестерімнің кез келгені осылай жасар еді. Бұл біздің қызметтік, азаматтық парызымыз. Таңдаған ісімді қашан да абыройлы атқаруға тырысамын.

 

Қанат Майсейітовтің өлім мен өмірдің арасындағы қыл жолмен жүретін оңай емес кәсіпке келгеніне 9 жыл болыпты. Өз кәсібінің хас шебері содан бері Мамлют ауданының өрт қауіпсіздігін күзетіп жүр. Осы уақытта тәжірибелі маман әріптестерін адал достық қасиетінен айырып көрмеген.

Қанат Майсейітов әріптестерімен бірге жыл басынан 27 өрт оқиғасын ауыздықтапты. Өкінішке қарай, бір адам шығыны бар. Материалдық құндылықтардың негізгі бөлігі сақталып қалған.

Жеңіс Ермұқанов