Денсаулық сақтау

Петропавлда сөйлеу мәнерін дамыту орталығы жұмысын бастады

 

 

Орталық ашылмай тұрып, Елена Петрова дыбыстау жүйесі нашар балалармен жұмыс істеп, өз мүмкіндігін барынша сынап көріпті. Оның көмегіне бірінші болып 15 жасында Инесса Қуанова жүгінген. Мектеп оқушысы ол кезде әріптерді дұрыс дыбыстай алмапты. Нәтижесі көрініп тұр. Бүгінде ол М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығын иегеріп жүр. Оған қоса шығармашылық қабілетін шыңдау үшін қалалық мәдениет үйіне баруға да уақыт табады екен.

 

Инесса Қуанова, М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті:

-Мен Елена Владимировнамен 15 жасымда таныстым. Ол уақытта маған фонопедтің көмегі керек болды. Мен кейбір әріптерді айта алмайтынмын. Дауыс қойылуым нашар болды. Ол кісі менімен біраз жұмыс істеп, барлық әріпті  дұрыс дыбыстау, дауыспен қалай жұмыс жасау керектігін үйретті. Біз онымен біраз уақыттай жұмыс істедік. Осы уақыт аралығында ол өз ісінің маманы екенін көрсетті. Ол өте қызықты әдіс таңдайды. Ол кісінің маған жасаған көмегі зор. Өз басым Елена Владимировна осы орталықты ашып, өзінің көмегін балалар мен ересектерге тигізе алатынына қуаныштымын.

 

Бұл орталыққа келетін түрлі баланың бабын табу үшін Елена Петрова әрбіреуіне жекелей күтім, өзіндік бағдарлама қарастырамыз деп отыр. Омбы медициналық академиясында  дефектолог, фонопед мамандығын меңгерген педагог керек болса, баланың диагнозын өзі-ақ анықтай алады екен. Десе де, бұл орталыққа тұтығып сөйлейтін, кохлеарлық имплантация жасалған жеткіншектерден өзге, жалпы көркем тілдің иегері атанғысы келетіндердің бәріне келуге болады.

 

Елена Петрова, сөйлеуді дамыту орталығының логопеді әрі фонопеді:

– Біз дыбыстарды дыбыстай алмайтын балаларға көмек береміз. Сөйлеу аппаратындағы белгілі бір бұлшық еттерге бағытталған логопедиялық массаж жасаймыз. Бұл дегеніңіз не? Егер балада гипертонус не гипотонус болса, сәйкесінше, біз оған арнайы әдіс таңдап, массаж жасаудың технологияларын өзгертіп отырамыз. Мұнымен қатар балғындарды әріпті дұрыс жазуға, оны анық дыбыстау арқылы мәнерлеп оқуға үйрету жұмыстарын да естен шығармаймыз.

 

Бір ерекшелігі сөйлеуді дамыту орталығына жастар мен ересек адамдарға да келуге болады. Оларға жеке және топтық жұмыстар қарастырылған. Елена Петрова ең алдымен жастардың шешендік қабілетін дамыта отырып, мазмұнсыз көпірме сөзден құтылуға көмек береді. Мұның бәрі құрғақ уәдеден құралып жатқан сөздер емес. Өйткені, ол Петропавл қаласындағы муниципалдық телеарнада 8 жыл қатарынан “Диалог”, “Медицина” бағдарламаларын жүргізіп келеді.

 

Евгений Сазанов, “СҚО әкімдігінің Муниципалды телерадиоарнасы” ЖШС директоры:

– Елена Петрова фонпедия саласындағы білікті маман ретінде біздің телеарнада өзін жақсы қырынан танытып келеді. Білімінің арқасында тележүргізуші ретінде бірнеше маңызды бағдарламаның тұтқасын ұстап отыр. Біздің ұжым үшін осындай кәсіби жоғары маманмен жұмыс істеген әрине жақсы. Елена Петрованың осындай орталық ашқаны біз үшін күтпеген жағдай болды. Не айтайын, телеарнаның да сөйлеуді дамытуға қатысы бар. Сондықтан, тек халық игілі үшін шынымен пайдасы тиетін орталықтар ашыла бергені бізге, жастарға, елге жақсы.

 

Елена Петрова муниципалдық теларнаға жұмысқа орналаспас бұрын 5 жыл “Болашақ” балабақшасында логопед міндетін атқарыпты. Алдағы уақытта сөйлеуді дамыту орталығының жетекшісі психолог, логопед тіпті, актерлерді де әріптестікке шақыруды көздеген.

 

Берік Қасен