Бизнес және экономика

12 солтүстікқазақстандық қаржыгер мерейтойлық медальмен марапатталды

 

Залда жиналғандардың барлығы төл теңгеміздің дамуына сүбелі үлес қосқан жандар. 1993 жылы Ұлттық валютамыз енгізілгенде осы адамдар өңірімізде дербес қаржы саясатын жүзеге асыруға өз септігін тигізген.

 

Жомарт Қажрахимов, «ҚР Ұлттық банкі» РММ СҚФ директоры:

-Осыдан 20 жыл бұрын тек Ұлттық банк қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар өзге банк қызметкерлері, басшылары көп көмектесті.Төл теңгемізді алғанан кейін еліміз экономикалық жағынан дербес мемлекетке айналды.

 

Бүгінгі салтанатты шарада солардың бірқатары «Теңгеге 20 жыл» атты мерейтойлық медальдармен марапатталды. Солардың бірі банк саласына 47 жылын арнаған Балахмет Мөлдинов.

 

Балахмет Молдинов, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банк” АҚ СҚОФ директоры:

– 20 жыл бұрын теңгеміз енгізілгенде күн суық болды. Сонда біз таңның атысынан түннің батысына дейін жұмыс істеген болатынбыз. Енді қазір міне тұрақты, жүріп жатыр. 20 жылдан артық еңбек етіп жатырмын. Сый-құрметтеріне рахмет.

 

Қарыштап дамыған ел экономикасымен бірге төл теңгеміз де түлеп, жаңа кейіпке енді. Бір емес, бірнеше қаржы дағдарысына төтеп беріп, өзінің тұрақтылығын дәлелдеді.

 

Мағжан Ахмадина