Мәдениет

“Роза ветров” байқауы аяқталды

 

 

«Вокал» номинациясында «Алтынай» үлгілі халық ансамблі 3-ші дәрежелі лауреат атанды. Жас өнерпаздар «Туған жер» әнін орындап, Мәскеуге шақырту алыпты. Дарынды қыздар ұжымының сахнаға шыққанына 4 жыл болыпты. Шығармашылық топтың еңбектері зая кетпеген. Осыдан 1 жыл бұрын өнерпаздар халық ансамблі атағына ие болыпты.

Ал «Арай» ұлттық би ансамбелі «Хореография» аталымында топ жарды. Жас өнер иелері көрермендерге «Чернява» және «Алтын өрнек» билерін ұсынды. Осыдан бірер уақыт бұрын жас бишілер Алматы қаласында өткен «Ақ көгершін» байқауында үздіктер қатарынан көрінген. Ендігі мақсаттары – халықаралық дәрежеде шеберліктерін сынап көру.

Сондай-ақ байқау барысында Мәскеуде білім алуға мүмкіндік беретін сертификат табысталды. Аталмыш сыйлыққа Зарина Сыздықова ие болды. Зарина №1өнер мектебінің 11-ші сыныбында оқиды. Енді әнші қыз мектепті тәмәмдаған соң оқуын  өнер иститутының эстрада және джаз ән салу факультетінде тегін жалғастырады.

 

Зарина Сыздыкова, «Роза ветров» ІІ халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауының І-ші сыйлық иегері:

– Мәскеуде оқу мүмкіндігін алғаныма өте қуаныштымын. Мен үшін бұл тосын сый болды. Әрине жақсы оқып, бар өнерімді көрсетуге тырысамын.

 

Байқауға барлығы 1100-ден астам өнерлі өрен қатысты. Олар – Ресей, Башқұртстан, Қазақстан елдерінен келген дарын иелері.

 

Екатерина Климюк, «Роза ветров» АРТ фестивалі» балалар қайырымдылық қорының бас режиссеры, Мәскеу қаласы, Ресей:

– Қазылар алқасына жеңімпаздарды анықтау оңайға соққан жоқ. Дегенмен әр қатысушыны ренжітпеуге тырыстық. Балғындардың барлығы өнерлі екен.

 

Талант иелерін іріктейтін келесі байқау Ресейдің Сочи қаласында 2014 жылдың наурыз айында өтеді.

 

Нұрбек Нәбиев