Спорт

Қаржыгерлер Тұңғыш Президент күні қарсаңында волейболдан жарысты

 

 

Бұл жолғы додаға 16 банк филиалы мен «Қазпошта» бөлімшелерінің қызметкерлері атсалысуда. Міне, 32 құрама сап түзеп, алаңға қарай бет алды. 300-ден астам қаржы мамандарынан жинақталған командалар бүгін өз іштерінде волейболдан мықтыны анықтайды.

 

Жомарт Қажырақымов, ҚР “Ұлттық банкі” СҚФ директоры:

-Биыл теңгеміздің айналымға енгеніне 20 жыл болғаннан кейін, соңғы 4 жарысты осы мерекеге арнадық. Ол ұлт көшбасшысы, 1-ші президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың идеясы болатын. Алдымызда 1 желтоқсан 1-ші Президент күні келе жатыр. Сондықтан осы жарыстарымызды Елбасы күніне арнап отырмыз. Бұл жарысты “АТФ банк” өткізіп отыр. Кубок және бағалы сыйлықтар да болады, сыйлықтарды біз жылдағыдай дарынды балаларға арналған спорт мектептеріне беретін боламыз.

 

Қазір әр банктен жинақталған 16 әйелдер құрамасы қызу сайысқа түсіп жатыр. Алаңда “Халық банк” пен “Ресей жинақ банкінің” қызметкерлері. Алғашқы минуттан “Халық банк” құрамасы ширақ қозғалып, сайыс көрігін қыздырды. Жарыстарға қатыспағандары командаларын қолдап, жанашыр болуда. «Халық банк» құрамасының ойыншысы Қарлығаш мұндай сайыстар ұжымдағы бірлікті арттырады дейді.

 

Қарлығаш Сейітқазина, «Халық банк» құрамасының мүшесі:

-Біз бүгін «Халық банкі», «Сбербанк» құрамаларымен жарыстық. Есеп 23/18. Көп ұпаймен алға шығып, жеңімпаз атандық. Жалпы бүгінгі таңда «Халық банкі» 7 жыл қатарынан алдыңғы орындардан көрініп келе жатыр. Бұл өте тамаша нәрсе. Яғни, біздің құрама демалыста болатын 3 күндік жарыста осы қалпымыздан танбауға тырысамыз.

 

Ал, көршілес залда “БТА банкі” мен “Казпошта” құрамасының жігіттері өзара мықтыны анықтап жатыр.

 

Сергей Садақбаев, “БТА банк” құрамасының мүшесі:

-Қазір “БТА банкі” мен «Қазпошта» ойнады. 2/0 есебімен БТА банкі жеңді. Бір байқағаным жыл сайын сайысқа түсетін құрамалар жақсы көрсеткіштер көрсетіп, жылдан-жылға банк құрамалары бірінен-бірі өтуге тырысады. Қызу ойын біз үшін осынысымен ұнап жатыр. Бұл жарыстарда өз басым әріптестерімді бір көріп, марқайып қаламын. Енді, үздік үштікке ілікпесек те, төртінші болуға тырысамыз.

 

Бүгіндері банк қызметкерлері арасында спортқа деген қызығушылық артып келеді. Мысалы, қазіргі таңда облыс  банктерінде 1500 жерлесіміз қызмет етсе, солардың көбі спортпен шұғылданады. Бүгінгі жеңістерін қаржыгерлер еліміздің Тұңғыш Президентінің жетістіктеріне арнаған.

 

Жомарт Қажырахимов, ҚР “Ұлттық банкі” СҚФ директоры:

-Мен өзім қаржы қызметкері, Қазақстанның тұрғыны ретінде осы Н.Ә. Назарбаевтың президентті құрып жатқан заманында өмір сүріп, қызмет атқарып жатқаныма өте қуаныштымын. Сондықтан, осы жағдайды пайдаланып, осы Президенттің мерекесімен құттықтағым келеді. Президентіміздің денсаулығы мықты болып, әр кезде бізді басқарып жүре берсін. Барлықтарыңызға денсаулық, енді қаржы жүйесінен болғаннан кейін байлық, жақсылық тілеймін.

 

Жарыс қорытындысы бойынша қыздар арасында үздік үштіктің қатарына “БТА”, АТФ, “Халық банкі” енді. Ерлер құрамасынан “БТА банкіні” жігіттері 3-ші орынды қанағат тұтты. 2-ші орын “Каспий банкінде”. Ал, жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысынан “Ресей жинақ банкінің” қызметкерлері көрінді.

 

Берік Қасен