Қоғам

Кинологтар мүгедек балаларды қонаққа шақырды

 

Петропавл қаласының тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар интернат үйінің 15 тәрбиеленушісі кинологиялық қызмет орталығында ұйымдастырылған арнайы көрсетілімді тамашалауға мүмкіндік алды. Күнделікті өмірде қызметтік иттерді көре бермейтін балғындарға орталықты аралау қызықты болды. Олар қызметтік иттердің жұмыс барысымен танысып, кейін төрт аяқтылармен суретке түсіп, оларды жақыннан байқай алды.

 

Кинология орталығына келгендердің бірі – Абай Күзембаев. Ол қызметтік иттердің шынайы өмірде кездесетін оқыс оқиғалар кезінде еш мүдірмей қылмыскерді тоқтатып, қауіпті заттарды анықтайтынына көз жеткізді. Осы сынды іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса жақсы болар еді дейді жасөспірім.

 

Абай Күзембаев, Петропавл тірек қимыл жүйесінде ақауы бар балаларға арналған интернат-үйінің тәрбиеленушісі:

– Маған бәрі де ұнады. Өте бәрі әдемі, иттері де әдемі. Шара өткізді. Қалай жүгірді, захват істеді, автоматпен атты. Қызықты болды. Иттермен таныстым, аттарын білдім.

 

Осы күнде кинологиялық орталықта күтіп-бапталатын иісшіл төбеттер іздестіру жұмыстарына тартылып, есірткі және психотроптық заттарды анықтауға және қауіпті қылмыскерді құрықтауға септеседі. Мұнда бельгия және неміс овчаркалары мен лабрадорларды кездестіруге болады. Николай Бойко орталықтағы төрт аяқты әріптестеріміз қызметінен бөлек таптырмас серікке айналды дейді.

 

Николай Бойко, ҚР ІІМ кинология орталығы аймақтық тобының аға уәкілі:

– Біздің арнайы мамандандырылған қызметкерлеріміз иттердің қатысуымен балаларға арнап қойылым көрсетті. Иттер кедергілерден өтіп, есірткі заттарын табуға көмектесті. Балақайлардың көңілінен шықты деген ойдамын, көбі мұндай оқиға барысын өмірде көрмеген, оларға қызық қой.

 

Бүгінде кинологиялық орталықта 18 қызметтік ит болса, алдағы уақытта олардың қатары тағы 3-уімен толықпақ. Орталық қызметкерлерінің дені арнайы оқу-жаттығулардан өткен өз ісінің шеберлері. Көрініс аяқталысымен интернат үйінің балғындары тәттіден ауыз тиіп, қуанышты көңіл-күймен тарқасты.

 

Бақыт Сәдуақасов