Бизнес және экономика

Жергілікті құс фабрикасының өніміне сұраным мол

 

Петропавлдағы бройлер құс фабрикасы 2008 жылы тәуелсіздік күнінде Елбасының қатысуымен ашылған болатын. Осы уақытқа дейін кәсіпорынның қуаты артып, шығарылатын өнім көлемі біршама ұлғайды. 2012 жылмен салыстырғанда құс етін өндіру екі есеге артып, 1600 тоннаға жетіп отыр. Оның мың тоннасы облыс нарығына шығарылса, қалғаны Көкшетау, Астана, Щучинск қалаларында саудаланады.

Серіктестікте құс балапандары израиль технологиясымен өсіріледі екен. Мұндағы күтімнің барлығы автоматтандырылған. Ал, фабрикада 50 адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 70 мың теңге. Жұмысшылар бройлер балапандары ерекше күтімді қажет етеді дейді. Бәрін қадағалап отыру керек.

 

Динара Малғаждарова, “Петропавл бройлер фабрикасы” ЖШС бас технологы:

– Бір күндік балапандар Жезқазғаннан жеткізіледі. Содан кейін, оларды біз күтіп баптаймыз. Балапандар бидай, соя, жүгері, күнбағыс майымен өсіріледі. Оларды күтіп баптау үшін күні-түні қадағалап отыру қажет. Балапандар + 29 градуста өсіріледі.

 

Қазіргі кезде кәсіпорында 30 мың  балапан өсірілуде,  олардың мұнда жеткізілгеніне 13 күн болыпты. Балапандар 42 күн өсіріледі. Осы уақыттың ішінде олардың салмағы шамамен 2 келіге жетеді. Дайындалған өнімнің 70 пайызы Петропавлда саудаға шығарылады.

Ал, балапандарға берілетін жем-азық мына цехта дайындалады. Бұл жуырда ғана ашылыпты. Цехта күніне 20 тонна құс азығы әзірленеді.

 

Бану Ахметова