Билік

Жамбыл ауданының әкімі журналистер алдында есеп берді

 

 

Ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылған ауданның ішкі өнімі 13 млрд теңгеге таяған. Соңғы үш жылда жер еміп, мал түгендеген ауыл еңбеккерлері өндіріс көлемін 1,5 есеге арттырыпты.

 

Орал Қаппасов, Жамбыл ауданының әкімі:

– Аудан диқандары  275 тонна бидай бастырды. Қамбаға құйылған ырыс дәнінің гектар берекелігі 13,3 центнерден айналды. Танап басына шығатын техниканың 70 пайызы жаңартылды. Биыл ғана “Сыбаға бағдарламасымен 1546 бас ірі қара алынды. Өткен жылмен салыстырғанда ет өндіру102%, сүт өнімдері 105%, жұмыртқа шығару 107% өсті.

 

Биыл ғана мыңнан артық жұмыссыз екі қолға бір күрек тапқан. Ауданға қарасты 53 елдің 37-сі таза ауыз су үлестіретін орталықтандырылған желіге қосылған. Жалпы жамбылдықтардың 87 пайызы тіршілік көзіне қол жеткізіпті. Мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде кезек жоқтың қасы . Балабақшамен қамтылу 99 пайызды құрайды. Онкологиялық және туберкулез ауруларын ерте бастан анықтау көрсеткіші 50-67 пайызға артты. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен ауданға келген 20 жас маман жоба ұсынған мүмкіндіктердің  шарапатын татыпты. Жыл бойы тындырылған игі істер баяндалған соң журналистер әдеттегідей күрмеуі шешіле қоймаған мәселелерді көтерді. Негізінен жамбылдықтарды жол мәселесі мен бағыттық көліктердің қатынауы алаңдатады.

 

Орал Қаппасов, Жамбыл ауданының әкімі:

– Шынымен  жолдың бұзылғандығы сонша автобустың қатынауы қиындық тудыруда. Бүгінде жоба-сметалық құжат әзір. 54 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді. Келер жылы республикадан қаржы құйылатынына сенімдіміз. Ақша түсісімен жөндеуді бастаймыз. Сол уақытта қоғамдық көлік қатынасы да жақсарады.

 

Сондай-ақ Баумн орта мектебінде ұстаздың оқушының кекілін қиып тәртіпке шақырмақ болғаны да назарсыз қалмады.

 

Орал Қаппасов, Жамбыл ауданының әкімі:

– Бұл фактігне қатысты нақты шешімдер қабылдадық. Оқушының шашын еріксіз қиған ұстаз бен мектеп директоры жұмысынан босатылды. Бірақ маңдайына «екі» деп жазған факті расталмады.

 

БАҚ өкілдері аудан жетекшісінен жалақы берешегі жөнінде сұрастырды.

 

Орал Қаппасов, Жамбыл ауданының әкімі:

– Преснов астық қабылдау кәсіпорынының жұмысшыларына 2 млн теңгенің берешегі бар. Бұл мәселе жіті бақылауымызда. Жалақы борышы бөлшектеп қайтарылып жатыр. Өндіріс ошағының басшысы мәселені биылғы бидайдың әлі өтпей жатқандығымен байланыстыруда.

 

Журналистерді аудандағы дарынды жастармен жүргізілетін жұмыс, мал шаруашылығы әлеуетін арттыру жағы да қызықтырды. Келесі баспасөз мәслихатиында М. Жұмабаев ауданының әкімі сауалдарға жауап беретін болады.

 

Жеңіс Ермұқанов