Аптадағы маңызды жаңалықтар

Саумалкөлде су құбыры үйге дейін тартылып жатыр

 

Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлге орталықтандырылған су құбырын тарту жұмыстарына ел қазынасынан бөлінген қаражат 700 миллион 345 мың теңге. Өткен жылы оның 200 миллион теңгесіне жуығы игерілсе, биылғысы 90 пайызға орындалыпты. Насос станциясы іске қосуға дайын.

Аудан орталығына тартылатын орталықтандырылған су желісінің жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрамақ. Бүгінде ол жұмыстардың 96 пайызы дайын. Құбыр тарту бекітілген жоспарға сәйкес үш участок бойынша жүргізілуде. Тіршілік көзі әр үйдің шекарасына жеткізілген. Өтініш бергендерінікі су торабына қосылыпты.

 

Сергей Спирин, “Норд жолдары” ЖШС №3 участок басшысы:

-Негізгі магистраль дайын. Құбыр тартуды бастаған кезде тұрғындардың көбі үйлеріне су өткізуге келісімдерін бермеген. Қазір әкімдікке барып, өтініш білдіруде. Ал бір жұмысты екі рет жүргізу әрине қолбайлау болып отыр. Халыққа айтарым – мемлекеттің қолдауын пайдалану керек. Себебі Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған “Ақ бұлақ” бағдарламасының көздегені  -бұқараның әл-ауқатын арттырып, тұрмыс деңгейін көтеру.

 

Аудан орталығына тіршілік көзі Көкшетау су торабынан тартылып жатыр. Жылдық мөлшері 700 мың текшені құрайды деп болжанған. Судың бір текше метрі 124 теңге деп бекітіліпті. Алайда жергілікті басшылар тарифті 40 пайызға төмендету тұрғысында қазір облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына құжат әзірлеп жатыр. Ол қолдау тапса, бұқараға су құны үшін субсидия төленбек.

 

Самат Есмағи