Білім

Қазақ тілі білгірлерінің байқауы

 

Бүгінгі байқауда 23 сайыскер бақтарын сынады. Солардың бірі –  Николай Тихненко. Қазірде ол қаламыздағы білім ошақтарының бірінде ұстаздық қызметте жүр. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін достары да бар екен. 27 жастағы мұғалім осыған дейін “X-factor” тележобасына қатысып бағын сынапты. Қазақ тілін білуді парызы санайды. Байқауға арнайы дайындап әкелген сүйікті әні де бар.

Ұстаз “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген ұранды ұстанады. Осы уақыт ішінде қазақ тілін біршама меңгеріп алыпты.Таныстыру кезеңінде мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде білетіндігін көрсетіп, қазылар алқасының қосымша сұрағына да мүдірмей жауап қайырды.

 

Николай Тихненко, № 4 орта мектептің информатика және математика пәні мұғалімі:

– Мен № 4 мектепте жұмыс істеймін. Менің мамандығым информатика, математика мұғалімі. Мен әншімін. Мысалы 30-дан астам ән жаздым.

 

Байқау 3 кезеңнен тұрды, яғни әр үміткер өздерін таныстырып, қазақ халқының ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармаларынан үзінді оқып, жазбаша тест тапсырмасын орындады.Сайыстың ережесі бойынша әр қатысушы үміткер берілген 3 тапсырманы мүдірмей орындауы тиіс болатын.

 

Алтынай Сыздықова, Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Осы шараны өткізудің басты мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оқып-үйренуді насихаттау, 18 бен 30 аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің жастар арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру мақсатында өткізіліп отыр. Осы шараға қазақ жазушыларының шығармаларын дәріптеу арқылы нығайту, ұлттық өнеріміздің аясын кеңейту.

 

Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушы үміткерлер диплом, алғыс хат және де бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.

 

Бақыт Сәдуақасов