ТКШ

Петропавлда тұтынушылардың 90 пайызға жуығы су есептеуіш орнатқан

 

“Қызылжар судағы” операторлар күн сайын таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін телефоннан түспейді. Бөлмеде отырған 6 оператордың ішінде ең көп еңбек өтілі Ольга Минакованікі. Оның телефоншы болып қызмет еткеніне 17 жылдан асқан. Қызығы мен шыжығы мол сүйікті жұмысымда талай күлкілі жағдайға куә болдым дейді ол.

 

Ольга Минакова, “Қызылжар су” ЖШС аға операторы:

-Кейде ішіп алғандар мен ашулы адамдар да қоңырау соғып жатады. Күнұзаққа телефон тұтқасын ұстап отырудан шаршасам да мұндай жағдайда сабырлы болуға тырысамын.

 

Кейбір жағдайда азаматтардың ренжулі күйде болатындарының себебі бар. Ол – мынау. Жұмсалған судың көлемін есептейтін құрылғылардағы көрсеткіштерді негізінде әрбір айдың 1-і мен 25-сі аралығында хабарлау қажет. Оны көбісі уақыт өтіп кеткенде жеткізуге тырысады екен. Бірақ, мәліметтер базасы жабылғаннан кейін көрсеткіштер қабылданбайды.

 

Марина Кругляк, “Қызылжар су” ЖШС жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы:

-Тұтынушыларға мәліметтер базасы жабылғаннан кейін, өкінішке қарай, сіздің көрсеткішіңізді қабылдай алмаймыз десек, ренжіп қалады. Сол себепті, тұрғындар берілген уақытта үлгеруі қажет. Біз демалыссыз жұмыс істейміз. Қажетті барлық мәлімет қолдарыңыздағы түбіртектің соңғы жағында түсінікті жазылған. Соны анда-санда оқып отыру керек.

 

Өтеу қызметінің операторлары тәулік сайын 4000-ға жуық көрсеткіш қабылдайды.

 

Данаш Хамзина