Мәдениет

Петропавлда «Роза ветров» фестивалі шымылдығын ашты

 

Сахнаға алғаш болып шығу әрқашан жауапты. Бойды үлкен қобалжу билеп, көрерменге бар талантыңды жеткізгің келеді. Бүгінгі байқауда да «Маска» деп аталатын театр студиясы осындай маңызды істі арқалап отыр. Сондықтан Екібастұздан келген мына балғындар үшін ерекше сәт. Олар халықаралық байқаудың шымылдығын өздерінің сатиралық стильде жазылған қойылымымен ашуда.

Бұл қойылым сиқыр әлеміне жетелейтін шытырман оқиғалы шығарма.

 

Наталья Куделько, Екібастұз қаласы:

-Біздің қойылым өздеріңіз көргендей, сабақ оқығысы келмейтін тентек бала жайлы. Ол сиқырлы таяқ арқылы сұлтан болады. Бірақ оған сыныптастарының достығы жетіспейді. Бұл сабақ  үлгі ретінде көрсетілетін туынды. Яғни білімсіз таққа, мансапқа қол жеткізе алмайсың.

 

Бірі сахнадағы қойылымдарын қазылар алқасының назарына ұсынып болса, ал Якутскіден келген  өнерпаздар әлі театр төріне шыққан емес. Қазақстанға алғаш ат басын бұрған жас өнер иелерінің де елімізден алған әсері мол.

 

Дарьяна Степанова, Якутск қаласы:

– Сіздердің елдеріңізге алғаш келіп отырмыз. Бізді жақсы қарсы алды. Қазақ халқы қонақжай деп естігенбіз, шынымен солай екен. Жол ұзақ болды. Шаршадық. Десе де бізді қуанышпен, шын ниетпен қарсы алғанда бар өткен жолды, шаршауды ұмыттық. Бойда қобалжу болса да, сәтті өнер көрсетеміз деген ойдамын.

 

«Роза ветров» фестивалі Ресейде 20 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Алғаш байқау өткенде қатысушылар саны 100 шақты ғана болатын дейді ұйымдастырушылар. Ал қазақ жерінде өнер додасы осымен екінші рет өтуде. Ол 720 өнерлі жасты жинапты.

 

Екатерина Климюк, «Роза ветров» АРТ фестивалі» балалар қайырымдылық қорының бас режиссеры, Мәскеу қаласы, Ресей:

-Бүгін бірінші күн театр қойылымдарын тамашалаймыз. Бұл номинация бойынша Қазақстаннан бір ғана студия қатысады. Ол екібастұздық балғындар қойылымы. Байқаудың бір ерекшелігі бізде қазылар алқасының мүшесі боп отырғандар конкурста жеңген балғындарды, фестиваль лауреаттарын өздерінде жұмыс істеуге шақырады. Сондықтан бұл өнерді таңдаймын дегендер үшін үлкен мүмкіндік.Жалпы жыл сайын осы шараға қатысатын жастардың саны артатындығы қуантады.

 

Байқауға қатысушылар «хореография», «вокал» және «сахналық қойылым» аталымдары бойынша бақтарын сынайды. Сондықтанда қазылар алқасына да шын дарынды анықтау қиынға соқпақ. Десе де олар жас таланттардың өнерін тамашалау өте қызықты дейді.

 

Ирина Богуцкая, қазылар алқасының мүшесі, Мәскеу қаласы, Ресей:

-Мен балалардың осыншалықты беріліп жұмыс істеп жатқанына қуаныштымын.Қазір біз компьютер заманы, балалар бүлініп бара жатыр дейміз. Десе де көпке топырақ шашуға болмайды. Арасында дарынды жастар да аз емес.

 

Өңірімізде фестиваль әлі 3 күн өтетін болады.

 

Мағжан Ахмадина