Құқық қорғау органдары

Бала ұрлағандардың ісі бойынша үкім шықты

Баланың бостандығын шектегендер кезінде қылмыскерлермен күрескен жергілікті жедел уәкілдер болып шықты. Біреуі мемлекеттік аттестациялауда кәсібилігін дәлелдей алмай, сынақтан сүрінсе, қалған екеуі өз еркімен органдағы жұмысын тастапты. Қаржылық мәселелерін шешу үшін адам ұрлауды кәсіп еткен киднейперлердің заңсыз жолына түсіп қылмыстық топ құрған. Арамтамақтардың басын қосып, қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен алдымен 37 жасар петропавлдық ұсталды. Алайда сезікті тағылған айыпқа қатысым жоқ деп баққан. Сыбайластары болса, қолмен жасағанды мойнымен көтеріп, заң алдында жауап беру үшін тәртіп сақшыларына өздері келген. Ең бастысы 4 тәулік бойы бәз біреулердің қолында зәресі ұшқан Сережа аман-есен жақындарымен қайта қауышты. 9 ай күрмеулі істі анықтап, барлық дәйектерді сараптаған сот үкім шығарды.

 

 

Бахытжан Сатыпалдинова,СҚО мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

-Мұқанов 7 жылға бас бостандығынан айрылсын деп кесілді. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады. Асамбаев жазасын 3 жыл шартты түрде өтейді. Мекенжайын ауыстыруға тыйым салынады. Бостандықта еркін жүруіне шектеу қойылады.

 

Үшінші сотталушы Құдабаев сот залынан қамаудан босатылды. Оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.

 

Серік Досанов, адвокат:

– Сот Асамбаев пен Құдабаев бас бостандықтарын бәйгеге тіккендерін кеш түсінгенмен тұтқындағы жасөспірімді өз еркімен жібергендігін ескерді. Заңда бұл жағы қарастырылған. Олар 14 наурызға қараған түні баланы босатты. 19-ы күні өз еріктерімен полицияға келіп берілген.

 

Өстіп оңай жолмен пайдаға кенелуді көксегендер діттегеніне жетпеді. Тіпті біреуге қазған орға өздері түсіп қалды. Сондай-ақ жоспары іске аспағандар жәбірленушіге 1,5 млн. теңгенің моралдық шығынын өтеуге мәжбүрленді.

 

Жеңіс Ермұқанов