Қоғам

Сыбайлас жемқорлыққа қалай тосқауыл қоюға болады

 

Өңіріміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 21 мыңның үстінде. Олардың дамуы ел экономикасын өркендетуге жағдай туғызса, сонымен қатар қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл ретте кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Бірақ осыны ұтымды пайдаланып, көлеңкелі бизнесін жалғастыратындар да кездесіп жатады. Оған тосқауыл қоюымыз керек дейді қоғамдық кеңес мүшелері.

 

Нелли Кукушкина, Солтүстік Қазақстан аумақтық кәсіпкерлер палатасының директоры:

-Біздің ұйым еліміздегі бизнес саласының өркендеуіне жағдай жасауды көздейді. Ол ұлттық палатаның жарғысында жан-жақты көрсетілген. Әр кәсіпкер өз ісін дамытуда оның мөлдірлігін қамтамасыз етуі керек. Біз өз тарапымыздан соны да қадағалап отырамыз. Қандай да бір олқылықтар бизнестің дамуына кері әсерін тигізеді. Заңбұзушылыққа жол бермеуіміз керек.

 

Сыбайлас жемқорлық және көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою қаржы полицейлерінің міндеті. Бұл ретте олар экономикалық қылмыспен күрес жөнінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, халыққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңның жәй-жапсарын түсіндіруде.

 

Юлия Иксанова, экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департаменттің ақпараттық-сараптамалық бөлімінің басшысы:

Осы жылдың мамыр айында халыққа қызмет көрсету орталығында жемқорлықпен күрестің алдын алу тұрғысында арнайы семинар ұйымдастырдық. Оған аталмыш мекеме қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар қарапайым тұрғындар да қатысты. Жиын барысында оларға жемқорлықпен күрес заңнамасының әр бабын жеке-жеке түсіндіріп бердік. Шараға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдар да аз емес. Оның дені жемқорлық жайында ақпарат берген тұлғаны марапаттауға қатысты.

 

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабу әлі де мүмкін болмай отыр. Онымен ел болып күресуіміз қажет, сонда ғана одан нәтиже шығады дейді қоғамдық кеңес мүшелері.

 

Самат Есмағи