ТЖ

“Қыс -2013” оқу-жаттығуы

 

Облыста қауырт маусымда төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары қыза түсті. Әсіресе есік қақпай келетін табиғи және техногендік апат орнына дереу жету жақсылап сайлануды қажет етеді. Сап түзеген мына өрт сақшылары, түрлі апаттық қызметтер, полицейлер, жедел жәрдем мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері дайындықтарын тағы бір пысықтады.

 

Асқар Майкин, СҚО ТЖД бөлім басшысы:

-Кез-келген төтенше жағдай орын ала қалса, 150 құтқарушы мен 60 бірлік арнайы техникадан тұратын топ толық құраммен 2 сағаттың ішінде апат орнына жетуге сақадай сай әзір. Барлығы қауырт жұмысқа 14 қызмет тартылды. Олардан бөлінген арнайы техниканың жағдайы, қажетті құтқару жабдықтары тексерілді. Инерттік материалдармен толықтай қамтылдық.

 

Абырой болғанда, бүгінге дейін шұғыл әрекет жасағының жұмылуы қажет етілмеген. Ірі төтенше жағдай тіркелмепті. Десе де апат айтып келмейді. Сондықтан құтқарушыларға оқыс оқиғаларға қарсы жақсылап қаруланған жөн. Тілсіз жау күрескерлері әдеттегідей маңызды шаруадан шет қалмады.

Арнайы көлік нысандары мен топ мүшелерінің келеңсіздікті дер кезінде ауыздықтауға техникалық тұрғыда әзірлігі расталды. Бұған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен комиссия мүшелері көз жеткізді.

Кейін “Қызылжар-су” ЖШС жеке құрамы кәсіби дайындықтарын іс жүзінде сынады. Облыс орталығының өндірістік ауданында ірі кәсіпорындар шоғырланған. Стратегиялық маңызы бар нысандардың тіршілік көзінсіз қалу қаупі зор. Бар гәп Ғ Мүсірепов пен Ермак көшелерінің қиылысындағы магистральдан шыққан ақауда жатыр. Кеңес үкіметі кезінде төселген құбыр әбден тозып тесіліп қалыпты. Мамандар жамауға келмейді дейді. Жарамсыз желіні дереу жаңартпаса, айналаны су басып кетуі ғажап емес. Оқу-жаттығу жиындарының барысында өзге де апаттық топ мүшелері шеберліктерін тәжірибелік тапсырмаларда шыңдайтын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов