Денсаулық сақтау

Қарашаның 21-і – Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні

 

 

Әлемде әрбір 10 секунд сайын бір темекі шегуші адам көз жұмады екен. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш әр 3 секундқа дейін қысқаруы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болатындардың – 90 пайызы, созылмалы қолқа дертінен көз жұматындардың – 75 пайызы және жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болатындардың 25 пайызы темекі шегудің салдарынан орын алады екен. Зиянды әдеттің әкелетін қасіретін оқушыларға түсіндіру мақсатында арнайы акция ұйымдастырылыпты.

 

Наталья Канюк, темекіге қарсы күрес орталығының меңгерушісі:

– Шарамыз ойын түрінде өткізілетін болады. Ол есірткінің зиянын оқушыларға түсінікті етіп жеткізу үшін арнайы ұйымдастырылған. Мұндай шара баланың алған ақпаратын тез қабылдап, оны тезірек қорытуға септеседі .

 

Оқушылар екі топқа бөлініп, мамандар дайындап келген сұрақтарға жауап берді. Жалпы бүгінгі таңда облыс орталығындағы №5 орта мектепте салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа бейім болу үшін түрлі секциялар жұмыс істейді екен. Қазақстанның болашағы саналы, мықты, білімді ұрпақта екендігін білетін әр жас спортпен шұғылданып, осындай шараларға қатысып тұрады.

 

Яна Малеева,  №5 орта мектептің оқушысы:

– Жас буынды дені сау ұрпақ қылып тәрбиелеу, бұл әр адамның алдында тұрған парыз. Мектепте салауатты өмір салтын ұстану үшін 12 секция жұмыс істейді.

 

Жиында сонымен қатар ғасыр дертіне айналған СПИД ауруы туралы да сөз қозғалды. Өңірімізде бұл эпидемия алғаш рет 1989 жылы тіркелген екен. Содан бері бұл дертке 600- ден астам адам шалдыққан. Олардың көпшілігі 20-39 жас аралығындағы азаматтар.

Мағжан Ахмадина